«Эко-Movie»: Павлодарда жастар экологияны ойын арқылы меңгерді

«Эко-Movie»: Павлодарда жастар экологияны ойын арқылы меңгерді
Фото: автор

Кино танымның тиімді құралына айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ерекше форматтағы іс-шарада қатысушылар танымал фильмдер мен мультфильмдердің желісі арқылы қоршаған ортаны қорғау мәселелерін талдап, экологиялық ойды шығармашылық тапсырмалар арқылы жеткізді. Жиын «Таза Қазақстан» шеңберінде ұйымдастырылған.

Шара үш кезеңнен тұрды. Алғашқы «Кадрды тап» бөлімінде командалар белгілі мультфильмнің немесе фильмнің кадры бойынша шығарманы анықтап, оның сюжетін қазіргі экологиялық мәселелермен байланыстырды. Мәселен, «Мұз дәуірі» мультфильмі арқылы жаһандық жылыну тақырыбы қозғалды. Қатысушылар туындының астарындағы табиғатты қорғау идеяларын талдап, өз ойларын ортаға салды.

Екінші кезең «4 сурет – 1 мағына» форматында өтті. Командаларға ортақ экологиялық ұғыммен байланыстырылған төрт сурет ұсынылып, олардың қандай экологиялық мәселені немесе экологиялық волонтерліктің бағытын білдіретінін анықтау тапсырылды. Ал қорытынды кезеңде қатысушылар экология тақырыбында әзірленген екі ұқсас суреттен он айырмашылықты тауып, байқампаздық пен топтық жұмыс дағдыларын сынады.

Облыстық «Жасыл Ел» штабтың менеджері Әйгерім Түсіпбекованың айтуынша, бұл формат алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Іс-шараның ерекшелігі – мультфильмдер мен фильмдерді экология тақырыбымен байланыстыру. Қатысушылар фильмнің немесе мультфильмнің атауын тауып қана қоймай, оның қандай экологиялық мәселені қозғайтынын анықтайді. Негізгі мақсатымыз – жастардың экологиялық мәселелерге қызығушылығын арттырып, кез келген көркем туындының астарында табиғатты қорғау идеясы жатуы мүмкін екенін көрсету, – деді ол.

Жиынға шамамен 20 адам қатысты. Олардың қатарында мектеп оқушылары, еріктілер, белсенді жастар, сондай-ақ Торайғыров университетінің студенттері болды. Мұндай интерактивті формат жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға ықпал етеді.

Торайғыров университетінің үшінші курс студенті Жұмабай Мөлдір бұл бастаманың жастар үшін маңызын атап өтті.

Біз қазір «Жасыл елдің» «Арлан» құрылыс жасағында жұмыс істейміз. «Эко-Movie» іс-шарасына қатысып жатқанымызға қуаныштымыз. Мұндай жобалар экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Сондықтан, оның біз үшін маңызы өте зор, – деді студент.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Эко-Movie» қатысушылардың уақытын қызықты әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, сүйікті фильмдер мен мультфильмдер арқылы табиғатты қорғау мәселелеріне жаңа көзқарас қалыптастыруды көздейді.