Екі павлодарлық спортшы батуттағы гимнастикадан Әлем кубогынан жүлделі оралды

Екі павлодарлық спортшы батуттағы гимнастикадан Әлем кубогынан жүлделі оралды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазақстан құрамасы батуттағы гимнастикадан Болгарияда өткен Әлем кубогы кезеңінде жүлдегер атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

26-28 қыркүйек күндері Варнада батуттағы гимнастикадан жас ерекшеліктері бойынша Халықаралық турнир өтті. Павлодарлық Егор Белюсенко ШҚО спортшысы Руслан Сатыгамен бірге батутта синхронды секіруден қола жүлдеге ие болды.

Ал аралас синхронды секіруде қазақстандықтар жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

Бұл сында павлодарлық Виктория Бутолина мен Ерлан Тасмағамбетов 49.680 ұпай жинап, жүлдеге ие болды.

Бірінші орынды жапониялық Юсей Мацумото мен Хикару Мори (50.330) иеленсе, ресейлік Данила Касимов пен Анжела Бладцева 50.290 ұпаймен екінші орынға табан тіреді.

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметінің мәліметінше, Болгарияның Варна қаласында өтіп жатқан батуттық гимнастикадан әлем Кубогында жалпы 14 елден 60-тан астам атлет қатысты.