Екібастұздықтар «Балалар жылын» қорытындылады
Кеншілер шаһарында «Бақытты балалық шақ» мерекесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы білім басқармасының мәлімдеуінше, «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінде өткен салтанатқа 100-ден астам жас екібастұздық қатысты. Қазақстандағы балалар жылына арналған іс – шараларға белсенді қатысқан ең талантты, интеллектуалды дарынды, спорттық және шығармашылық балалар осы мерекеге орай арнайы белгіленген «Алтын бала» белгісімен марапатталды.
- Мерекелік рәсім барысында балаларға барынша қамқорлық көрсететін Екібастұздың ересек тұрғындары «Балалық шақ досы» белгісімен марапатталды. Олардың ішінде қалалық аурухананың балалар хирургы Елтай Батхолдин, 39 баланың патронат анасы Екатерина Яценко және тағы басқалары бар, - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, мерекеде Екібастұзда «Балалар жылы» аясында ұйымдастырылған оқушылар арасында ұйымдастырылған «Жыл оқушысы», балабақша тәрбиеленушілері арасында өткен «Сүйікті балабақша» және шығармашылық отбасылар арасындағы «Отбасы дауысы» супержобалардың жеңімпаздары «Алтын бала» марапатына ие болды.
Марапаттау рәсімін Екібастұз әкімі Аян Бейсекин ашты. Мерекені қорытындылай келе, ол жас жерлестеріне оқу мен спортта жетістіктерге жетуге және еліміздің лайықты азаматтары болуға тілек білдірді.