Екібастұзда абаттандыру талаптарын бұзғандар жазаланады
Тұрғын үйлердің құрылысын жүргізген мердігер қазған жерді 10 күн ішінде қалпына келтіру бойынша міндеттемелерін орындамаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кеншілер шаһарының басшысы Аян Бейсекин қаланы аралау барысында жер қазу жұмыстары кезінде заңбұзушылық анықталған учаскелерде болды.
— Тұрғын үйлердің құрылысын жүргізген мердігер жылумен жабдықтау жүйесіне қосылу кезінде жол жабынын қазып, жылу камерасының іргетасына зақым келтірген. Жол жабынын және жылу камерасының іргетасын 10 күн ішінде қалпына келтіру бойынша міндеттемелерін орындалмаған. Қалада мұндай заңбұзушылар жеткілікті, сондықтан оларды әкімшілік жауапкершілікке тартамыз, - деді қала әкімі.
Аян Бейсекин әрбір қазу жұмысы белгіленген мерзім мен технологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізілуі тиіс екенін атап өтті.
— Бұл талаптарды елемеу қаланың келбетіне нұқсан келтіреді, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтауға кедергі келтіреді және тұрғындардың наразылығын туындатады. Аталған мәселе менің жеке бақылауымда болады. Мердігер ұйымға қысқа мерзімде жіберілген кемшіліктерді түзетіп, учаскені тиісті жағдайға келтіру тапсырылды, - деді ол.
Бұдан бөлек, 27 наурыздан бастап Екібастұз жолдарында ағымдағы жөндеу жұмыстары басталатынын мәлімдеді.