Екібастұзда ашық құдыққа түскен баланы құтқарған оқушылардың ерлігі ұлықталды
Оларға бағалы сыйлықтар табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қала әкімдігінің мәліметінше, 7 ақпанда құдыққа құлаған екінші сынып оқушысын құтқарғаны үшін №21 мектептің 8 - сынып оқушылары Сағындық Омар, Жаңажыл Нұрасыл және Ердаукеұлы Мансұр марапатталды.
Оқушылар көрсеткен ерлігі үшін қала әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды және Павлодар облыстық мәслихатының депутаты Исламбек Культуманов оларға бағалы сыйлықтар табыстады.
– Қиыншылыққа тап болған бала үшін сіздер қорғаншы періште болдыңыздар. Ержүрек әрекет пен көмек үшін жігіттерге алғыс білдіремін, – деп атап өтті депутат Исламбек Культуманов.
Қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева оқушыларға жақсы тәрбие берген аналарына да алғыс хат табыстады.
Еске сала кетейік, 7 ақпанда мектепке барар жолда сегіз жасар бала ашық қалған кәріз құдығына құлап кеткен. Екі сағатқа жуық бала мұзды суда тұрған. Біреу көмекке келеді деп құдықта болған бала сөмкесін сыртқа лақтырып жіберген. Оны үш оқушы байқап, батылдық таныта отырып, қатты тоңып қалған баланы шығарған.