Екібастұзда дүкенде жанжал шығарған ер адам полицияға жеткізілді
Ер адам ақша сұраған, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тәртіп сақшылары тек бір апта ішінде ішкі істер органдарында есепте тұрған 762 адамды тексерген. Нәтижесінде соттылығы алынбаған және өтелмеген адамдар тарапынан 25 бұзушылық анықталған. Бұзушылықтың әрбір фактісі бойынша түсіндірме әңгімелер жүргізіліп, ескертулер шығарылған.
– 21 мамырда сағат 15.50 шамасында сатушы мен ер адам арасында жанжал шыққаны туралы шақыру түсті. Ер адам ақша сұраған. Полиция «сатып алушыны» істің мән-жайын анықтау үшін полиция бөліміне жеткізді. 35 жастағы ер адам ішкі істер органдарының есебінде тұр. Онымен профилактикалық әңгімелесу жүргізіліп, ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы бойынша хаттама толтырылды. Бірінші рет әкімшілік жаза – ескерту жасалды, – деді Екібастұз қаласы полиция басқармасының бастығы Қайыржан Шәкарғалиев.
Учаскелік полиция инспекторлары тексерулерден басқа, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша да жұмыс жүргізуде. Тек ағымдағы жылы 28 адамның 14-і жұмысқа орналастырылды.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 15-25 мамыры аралығында Екібастұз өңірінде ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдар арасында құқық бұзушылықтар мен қайталанатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған жедел профилактикалық іс-шара өтуде.