Павлодарлықтар кәсіптің қай саласында жарақат жиі алады?

Павлодарлықтар кәсіптің қай саласында жарақат жиі алады?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сарапшылар деректерді саралады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметінше, былтыр еңбек қызметімен байланысты 183 жазатайым оқиға тіркелді. 

Мұндағы жалпы саннан зардап шеккен әйелдердің үлесі 25,7 пайызды құрады. 2023 жылмен салыстырғанда зардап шеккендер саны 41,9 пайызға көбейді.

Зардап шеккендердің ішінен 55 адам топтық жазатайым оқиғалар кезінде зардап шеккен, біреуі кәсіби ауруға шалдыққан, біреуі улану кезінде.

Мысалы, былтыр Павлодарда еңбек қызметіне байланысты, жазатайым оқиғалар кезінде 75, ал Екібастұзда 78 адам зардап шекті. 

Жазатайым оқиғалар кезінде зардап шеккендердің ең көп үлесі өңдеу өнеркәсібінде (31,7%), тау-кен өнеркәсібінде (30,6%), электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау (8,7%), сондай-ақ денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсетуде (5,5%) байқалған.

Жазатайым оқиғалардағы жарақаттардың негізгі түрлері: жабық сынықтар, сыртқы жарақат, күйіктер, шайқалудан болған жарақат және ішкі ағза жарақаттары.

Жазатайым оқиғалар кезінде зардап шеккендердің көпшілігі – бірінші ауысымда жұмыс істеген 30-дан 45 жасқа дейінгі білікті жұмысшылар.