Екібастұзда жоғалып кеткен адамның өліміне қатысты дерек шықты
Ер адамның денесін әкесі таныды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 сәуір сағат 17.20 шамасында «Союз» саяжай қоғамының жанындағы теміржол көпірінің астындағы Қ.Сәтбаев атындағы каналда 2022 жылы 13 қазанда жоғалып кеткен 1988 жылы туған қала тұрғынының зорлықсыз, өлімнің сыртқы белгілерінсіз мәйіті табылды.
– Оқиға орнынан жоғалған адамның атына тіркелген смарт-сағат пен Kaspi Gold магниттік карточкасы тәркіленді, – дейді департаментте.
Сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижелері бойынша процесстік шешім қабылданатын болады. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, «Vita» еріктілері алты ай бойы іздестірілген Денис Покотиленконың денесі кеше табылғаны жайлы хабарлаған болатын. Ол былтыр күзде баласын балабақшаға апарғаннан кейін жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен.