Елімізде бөдене жұмыртқасына сұраныс артып келеді
Нутрициолог мамандар оның еті де, жұмыртқасы да дәруменге толы екенін айтады, деп хабарлайды qazaqstan.tv.
Сондықтан қан аздық, қатерлі ісік, асқазан ауруларына шалдыққан азаматтар бұл өнімге жиі тапсырыс бере бастаған. Ерекше кәсіпті игеруге бет бұрған азаматтар да мұны растап отыр.
Жаңабек Есбергенов 8 жылдан бері бөдене асырайды. Оның жұмыртқасы мен етін Елорданың сауда дүкендеріне сатып, табыс тауып отыр. Келешекте бөдене фермасын ашуға ниетті. Кәсіпкер бүгінде құстарының санын 5 мыңға жеткізген.
– Бұл кәсіпті екі жүз жұмыртқадан бастадық. Балапан шығарып, көбейтіп, қазіргі таңда бір шығарған кезде 2000-3000 балапан шығарамыз. Бұл құстың артықшылықтары көп. Тұмаумен ауырмайды. Бит жұқпайды. Сальмонелла ауруымен ауырмайды. Өйткені дене қызуы 42 градус, –дейді кәсіпкер Жаңабек Есбергенов.
Бөдене жұмыртқасының көлемі тауықтыкінен кіші болғанмен, пайдасы 5 есе көп. Салмағы орта есеппен 10-12 г болады. Өнімнің дәмі қышқыл болғанмен, пайдасы көп. Оған кейіпкеріміздің асқазан жарасынан бөдененің шикі жұмыртқасын ішіп, емделгені дәлел. Аз уақытта аурудан айыққан Жаңабек Есбергенов қазір өзгелерге де кеңес беріп жүр.
– Төсекте тұра алмай бұратылып жататынмын. Сол уақытта асқазанға пайдалы екенін білдім де, ішіп бастадым. Күніне аш қарынға 5-6 жұмыртқадан, 10-15 күннен кейін асқазаным қойды. 7-8 жыл өтті. Әлі денсаулық сыр берген емес. Мамандар бұл өнімді тұтыну арқылы қатерлі ісік пен қаназдық, гинекологиялық аурулардан айығуға болатынын айтады. Бастысы, аш қарынға ішу керек, алкогольдік сусындарды араластырмау қажет екен, – дейді Жаңабек Есбергенов.
Нутрициолог маман Гүлбану Таймаханованың айтуынша, онкология, «A» дәруменін жетіспеушілігі, темірдің жетіспеушілігі, магнийдің жетіспеушілігі, кальцийдің жетіспеушілігі болса, бөдене жұмыртқасы пайдалы. Жай ғана профилактика үшін 1 дана, ал емдік мақсатта болса, 2-3 данадан жеуге болады.
Бөдене әр 16 сағат сайын жұмыртқалайды. Қазір өнімнің нарықтағы құны 50 теңгеден кем емес. Ал етінің келісі 5 мыңнан асады. Бағасы қымбат болғанмен, оған деген сұраныс жоғары.