«Ertis» өз айдынында тағы ұтылды: клубтың басты мәселесі неде?
Pavlodarnews.kz тілшісі бұл сұрақты тікелей бас жаттықтырушы мен команда ойыншысына қойды.
2 желтоқсан күні өткен 1xBet - PRO HOKEI LIGASY матчында «Ertis» хоккей клубы өз айдынында «Almaty» командасына 1:6 есебімен ірі жеңіліспен есе жіберді. Бұл екі күн қатарынан өткен командалардың екінші ойыны және павлодарлықтар үшін жанкүйерлер алдындағы тағы бір сәтсіздік болды.
Ойынды «Ertis» Александр Лариковтың шайбасымен бастап, есеп ашты. Алайда «Almaty» бірінші кезеңнің өзінде есепті теңестіріп, кейінгі кезеңдерде толық басымдыққа ие болды. Қонақтар сапынан Павел Медведев дубль жасады, ал Муса Гусейнов, Вячеслав Белоус, Никита Селезнёв және Сергей Машинец бір-бір шайбадан соқты. Қақпаға жасалған соққылар саны бойынша да «Almaty» айқын үстем болды.
Команданың қазіргі жағдайы қандай?
Матчтан кейін «Ertis» ойыншысы Дмитрий Пидяшев командадағы қиындықтарға қатысты пікірін бөлісті. Ол ұзақ сырт алаңдағы сериядан кейінгі шаршауды жоққа шығарған жоқ, бірақ негізгі себеп – өз жанкүйерлері алдында сезілетін психологиялық қысым екенін айтты.
– Туған трибуналардың алдындағы қысым мен жауапкершілік әсер етеді. Жанкүйерлеріміздің алдында қанша уақыттан бері жеңе алмай келеміз, ал жеңгіміз келеді. Әр ойын сайын уақыт бізге қысым жасайды, – деді ол.
Бас жаттықтырушы Олег Санаров та командадағы жағдайды түсіндірді. Оның айтуынша, ұзақ сапардан кейін ойыншылар физикалық тұрғыдан ең жақсы күйінде емес, себебі матчтар арасындағы үзіліс өте қысқа. Сонымен қатар, құрамды ротациялауға мүмкіндік жоқ.
Санаров Қазақстан хоккейіндегі басты мәселені – кадр тапшылығын атап өтті.
– Қазақстанда төлқұжаты бар жергілікті хоккейшілерді табу өте қиын. Бұл тапшылық тек Павлодарда емес, басқа командаларда да бар. Олар легионерлермен күшейіп жатыр, ал бізде, өкінішке қарай, ондай мүмкіндік жоқ. Дегенмен, іздеу жұмыстарын жалғастырып жатырмыз, – деді бапкер.
Оның айтуынша, команданы қазір ең алдымен қорғаныс пен шабуыл шебінде күшейту қажет.
Турнир кестесі
«Almaty» командасынан 1:6 есебімен ұтылғаннан кейін «Ertis» 1xBet - PRO HOKEI LIGASY 2025–2026 маусымында турнир кестесінің соңында қалып отыр.
Команда 28 ойын өткізіп, 5 ұпаймен 10-орында тұр. Маусым барысында «Ertis» небәрі 2 рет жеңіске жетіп, 25 рет жеңілген. Соғылған шайбалар – 31, жіберілгендері – 146.
Павлодарлық клуб келесі үй матчтарын 9 және 10 желтоқсан күндері өткізеді. «Ertis» бұл жолы Көкшетаудың «Arlan» командасын қабылдайды.