Ертіс ауданында білім сапасын арттыру жолдары көрсетілді

Ертіс ауданында білім сапасын арттыру жолдары көрсетілді
Фото: ұйымдастырушылардан

Аудан ұстаздары әдістемелік семинарға қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ертіс ауданының Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебінде «Ортақ тәжірибе – сапалы білім кепілі» аудандық жобасы аясында тірек магнит мектептерінің жұмысы барысында «Белсенді оқыту әдістері арқылы білім сапасын қалай арттыруға болады?» тақырыбында әдістемелік семинар ұйымдастырылды.

Іс-шараның негізгі бағыттары – белсенді оқыту әдістері арқылы білім алушылардың білім сапасын арттыру, жасанды интеллект құралдарын сабақ барысында тиімді қолдану, сондай-ақ оқушылардың функционалдық және оқу сауаттылығын дамыту.

Семинар барысында педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісіп, заманауи әдіс-тәсілдерді талқылады. Қатысушылар белсенді оқытудың тиімді жолдарын қарастырып, білім сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар, мұғалімдер арасында кәсіби байланыс нығайып, тәжірибе алмасу алаңы қалыптасты.

– Семинар барысында мұғалімдер тиімді әдістермен бөлісіп, тәжірибе алмасу арқылы кәсіби байланыстарын нығайта алды. Сондай-ақ, білім сапасын арттырудың нақты жолдарын ұсына білді. Әрбір ұсыныс – ертеңгі табысты сабақтың негізі, әрбір тәжірибе – оқушы жетістігінің баспалдағы. Бірге үйреніп, бірге дамығанда ғана – білім сапасы артады, – дейді Ертіс ауданы білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Алмагүл Садықова.

Жалпы, мұндай әдістемелік семинарлар педагогтердің кәсіби шеберлігін арттырып қана қоймай, білім беру сапасын жүйелі түрде жақсартуға ықпал етеді. Заманауи тәсілдерді тиімді қолдану мен тәжірибе алмасу – бүгінгі білім беру жүйесінің басты талабы.