Ертіс ауданында мұғалімдер инновациялық педагогикалық шешімдермен танысты

Ертіс ауданында мұғалімдер инновациялық педагогикалық шешімдермен танысты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мұғалімдер мен оқушыларға арналған семинар ұйымдастырылып, шеберлік сыныптары өткізілді. Сонымен қатар, үзілістерде балалар асық ату ойынын ойнап, ұлттық дәстүрді дәріптеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Жол картасы» бағдарламасы аясында Ш. Уәлиханов атындағы ЖОББМ және Майқоныр ЖОББМ педагогикалық ұжымдары Майқоныр жалпы орта білім беретін мектебінде аудандық әдістемелік кабинетінің жетекшілігімен «Білім әлеміне бастар жол: заманауи оқу мен тәрбие әдіс-тәсілдері жаңа көкжиектерге жол ашуда» тақырыбында семинар өткізді.

– Семинар барысында екі мектептің мұғалімдері ашық сабақтар ұйымдастырып, білім сапасын арттыруға бағытталған белсенді әдістерді тәжірибе жүзінде көрсетті. Сонымен қатар, пән мұғалімдеріне арналған «Цифрлық ресурстарды пайдалану әдістемесі» және «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын оқушылардың зерттеу жұмыстары арқылы жүзеге асыру» тақырыптарында шеберлік сыныптар өткізілді, – деді Ш. Уәлиханов атындағы ЖОББМ директоры Нығмет Жүсіпов.

Ұлттық дәстүрлерді насихаттау мақсатында үзілістерде дене шынықтыру мұғалімі Асылмұрат Базаргелдинов оқушылармен асық ату ойынын ұйымдастырды.

Семинар ерекше форматта – ғарыштық саяхат стилінде өтті. Бұл әдіс білім берудегі жаңа тәсілдер мен жетістіктерді бейнелеп, қатысушыларды инновациялық педагогикалық шешімдерді оқу-тәрбие процесіне енгізуге шақырды.

– Семинардың алғашқы бөлімінде педагог-психолог Жасқайратова Д.Н. тренинг өткізді. Кейіннен Майқоныр ЖОББМ мұғалімі Алмагүл Кенжеғұлова ағылшын тілінен, Ш. Уәлиханов мектебінің мұғалімдері Әсел Темірханова математикадан, Нұрсулу Будиева даярлық топтан, Дәулет Ілиясов биологиядан ашық сабақтар жүргізді. Сонымен қатар, Динара және Гүлжан Аулабаевалар «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша, ал Дәулет Қасқанов цифрлық ресурстарды қолдану әдістері бойынша шеберлік сыныптарын өткізді, – делінген хабарламада.

Семинар соңында қатысушылар «Екі жұлдыз және бір тілек» әдісі арқылы рефлексия жасап, өз әсерлерімен бөлісті.

Фотосуретті Ш. Уәлиханов атындағы ЖОББМ директоры Нығмет Жүсіпов ұсынды