Ертіс ауданында төтеншеліктер жүкті әйелді эвакуациялады

Ертіс ауданында төтеншеліктер жүкті әйелді эвакуациялады
Фото: Валерий Бугаев

Барлығы тоғыз адам құтқарылды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, оның ішінде жетеуі – бала, екеуі – ересек адам, біреуі – мүмкіндігі шектеулі адам және бір жүкті әйел адам бар

Төтеншеліктер оларды жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аудан орталығына – Ұзынсу ауылынан  Ертіс ауылына жеткізді. 

4 сәуір сағат 09.00-дегі жағдай бойынша облыстың бес автожол учаскесі бақылауда, оның ішінде біреуі – республикалық, үшеуі  – облыстық  және біреуі – аудандық маңызы бар жол.

Сонымен қатар, Ақтоғай, Ертіс, Шарбақты, Тереңкөл аудандарында орналасқан жеті елді мекен бақылауда және су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде, – дейді облыстық ТЖД дағдарыс жағдайлары басқармасының бастығы Асқарбек Омаров.

Қардың еруі мен қатты нөсер жаңбырдың салдарынан аймақтағы сегіз тұрғын үй су астында қалды. Жалаулы ауылында ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың күшімен жағдай тұрақтандырылды. Су жинауға арналған шұңқырлар қазылып, траншеялар салынды, ауыл көшелерінен еріген су сорылды. Осы күнде ауылдағы су деңгейіне бақылау жалғасуда.

– Ұзынсу ауылында үй маңындағы аумақтар мен тұрғын үйлерді су басу қаупін жою үшін су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Жұмыстарға 10 техника, екі жүзу құралы, алты мотопомпа және ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардан 27 адамы жұмылдырылды. Сонымен қатар, жұмыстарға жергілікті тұрғындардан 28 адамы белсенді қатысуда. Ауыл тұрғындары сумен, электр қуатымен, азық-түлікпен және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді, – дейді Асқарбек Омаров.

Облыс бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларға барлығы 417 адам, 143 техника, 36 мотопомпа, төрт жүзу құралы, үш тереңдету сорғысы жұмылдырылды. Бұл – ТЖД, ЖАО, жол қызметі және полиция департаментінің күштері мен құралдары.

Өткен тәулікте 74 мың текше метр еріген су сорылды және 800 дана қапшық салынды.

Еске сала кетейік, Ертіс ауданында эвакуациялық пункт ұйымдастырылды. Ұзынсу ауылын су басу қаупі туындауына байланысты 3 сәуір күні таңертең облыстық жедел штаб «Атамекен-Ертіс-Русская поляна» республикалық маңызы бар автокөлік жолында қозғалысты жабу туралы шешім қабылдады.