Ертіс полицейлері интеллектуалдық сайыста сынға түсті
Ауданда Қазақстан халқының Тілдер күніне және Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай «QUIZ интеллектуалдық ойыны өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Танымдық шараға аудан аумағындағы түрлі ұйымдардың қызметкерлерінен құралған тоғыз команда қатысып, білімдері мен тапқырлықтарын сынады. Олардың қатарында Ертіс аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері де болды.
Сайыс барысында қатысушылар қазақ тілі мен әдебиеті, тарих, салт-дәстүр, жалпы білім және логика бағыттары бойынша қойылған сұрақтарға жауап берді. Әр кезеңде командалар шапшаңдық, тапқырлық пен ұйымшылдықтарын көрсетті.
– Мұндай тағылымды әрі мазмұнды шаралар қызметкерлердің білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, әріптестік байланысты нығайтып, мемлекеттік тілге деген құрметті арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, интеллектуалдық ойындар ұжымның ауызбіршілігін арттырып, әр қызметкерді жаңа қырынан танытуға мүмкіндік береді, – деді Ертіс аудандық полиция бөлімінің жедел басқару орталығының аға инспектор-кезекшісі Марат Жүсіпбаев.
Шара соңында интеллектуалдық сайысқа белсенді қатысқан полиция қызметкерлеріне Ертіс аудандық әкімдігінің ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі атынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, ұжымдар арасындағы өзара сыйластық пен ұйымшылдықты нығайтуға мүмкіндік береді.