Ертіс тұрғыны тасқа «жан бітіреді»

Табиғи минералдар өздігінен өнер туындысына айналған жоқ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауылының тұрғыны Нина Агеева екі жасынан бастап сурет салады. Зейнеткер Ұйымшыл су қоймасынан табылған тастарды ертегі кейіпкерлеріне, тарихи тұлғаларға, жануарларға айналдыруымен танымал.
- Менің ағам балықшы, оның торына түрлі тастар ілінеді. Оларды маған әкеледі, мен оларды тазалаймын, грунттаймын, содан кейін олардан бірдеңе табамын. Өзім тапқан тастармен де жұмыс істеймін: тас, мәрмәр, гранит секілді, - дейді Нина Агеева.
Ертіс тұрғыны тастарға «жан бітіруден» басқа бейнелеу өнерінің барлық дерлік тәсілдерін меңгерген. Нина Николаевна акварель, пастель, гризайль, акрил бояуларымен сурет салғанды ұнатады, мүсіндеп, тігуді жақсы көреді. Жақында Павлодарда дарынды Ертіс тұрғыны әскери тақырыптағы туындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Нина Агеева шайқас кезіндегі Әлия Молдағұлованы, гармонист Василий Теркинді, алғы шептегі жауынгерлерге ән айтып жатқан Дина Нұрпейісованы бейнелеуде түрлі әдіс-тәсілдерді қолданды. Автор сонымен қатар «Түнгі сиқыршылар» деп аталатын 46-шы гвардиялық түнгі бомбалаушы авиация полкінің әйел ұшқыштарын салған.
Шығармашылықпен қатар Нина Николаевна шахмат пен дойбы ойнайды. Өткен жылы зейнеткер түрлі жарыстардан бес медаль жеңіп алды. Ертістік суретші әрі спортшы командалық жарыстарда ғана екінші және үшінші орындарды аламын деп әзілдейді. Жекелей сында Нина Николаевна үнемі алтын алады.