«Ертіс» тағдырын «Жаужүрек мың бала» қаһарманы шешеді

Өткен жылдағыдай павлодарлықтар жаңа маусымды ел Кубогынан бастайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
6 наурызда Қазақстан кубогының жеребе тарту рәсімі өтіп, жарысқа қатысушылардың алғашқы жұптары анықталады. Тікелей эфир SPORT+ телеарнасында, sportplustv.kz сайтында және YouTube-тегі sportplus_qaz арнасында сағат 14:00-де басталады. Іс-шараны Нұрсұлтан Құрман мен «Жаужүрек мың бала» фильміндегі Сартай рөлін сомдаған актер Асылхан Төлепов жүргізеді.
Өткен жылы «Ертіс» Көкшетаудың «Оқжетпес», Алматының «Хан Тәңірі» және «AKAS» командаларымен «А» тобына түскен болатын. Павлодарлықтар бірінші орын алып, топтан шықты. Бірақ плей-офф кезеңінде «Оңтүстікке» жеңілді.
Команда қазір Шымкентте маусым алдындағы соңғы үшінші оқу-жаттығу жиынында. Команда оңтүстік мегаполисте дәстүрлі түрде өтетін Қазақстан кубогы басталғанша болады.