«Ертістің» экс-футболшылары Қазақстанның жеті дүркін чемпионына ауысты

«Ертістің» экс-футболшылары Қазақстанның жеті дүркін чемпионына ауысты
Фото: «Астана» футбол клубы

Екі ойыншы да команданың Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жиынына барып қосылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Астана» футбол клубының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі алғашқы оқу-жаттығу жиынына Арман Кеңесов пен Дмитрий Шомко барып қосылды. Алғашқысы команданың жаңадан қосылған ойыншысы болса, Дмитрий Шомко футболшы мансабының көп бөлігін «Астанада» өткізді. Команда құрамында ол алты рет ел чемпионы атанды, бұл көрсеткіш бойынша ол сегіз чемпиондық атағы Юрий Логвиненкодан кейінгі Қазақстандағы екінші футболшы.

«Елімайдан» кеткеннен кейін көптеген БАҚ Дмитрий Шомконы талдықорғандық «Жетісуға» «жіберді», бірақ елордалық клубтың бас бапкері Григорий Бабаян 34 жастағы ардагерді еліміздің жеті дүркін чемпионы үшін қажет деп санады.

– Дима Шомко – «Астанада» ұзақ уақыт ойнаған және команданың барлық даму кезеңдеріне қатысқан футболшы. Ол үйге оралды деуге болады, - дейді «Астананың» бапкері.

Жас жартылай қорғаушы Арман Кеңесовке келер болсақ, ол «Астанаға» 2024 жылдың қарашасында-ақ ауысты. «Ертіс» түлегі 2020 жылы команда дағдарысы басталғаннан бері «СКА-Хабаровск», «Қайсар» және «Ақтөбе» командаларында ойнады. 2023 жылы ол тұңғыш мәрте ұлттық құрама жейдесін киді.

- Біз оны жақсы білеміз, ол «Ақтөбеде» арендада еді, оның мықты қасиеттерін білеміз және ол бізге де көмектеседі деп үміттенеміз. Сонымен қатар, қатарымызға қарағандылық «Шахтердің» ойыншысы жас қақпашы Данила Карпиков қосылды. Олар өзін көрсете алады деп сенеміз. Олардың болашағы зор деп сенеміз, - дейді Григорий Бабаян.

Өткен маусымда «Астана» Қазақстан чемпионатында екінші орын алған болатын. Сонымен қатар, елордалық клуб УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңінде өнер көрсетті. Биыл команда осы турнирдің екінші іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді.