Ертісте Иса Байзақовқа арналған кітаптардың тұсауы кесілді

Ертісте Иса Байзақовқа арналған кітаптардың тұсауы кесілді
Фото: Есенжол Исабек

Белгілі ақынның кіші отанында оның өмірі мен шығармашылығын зерттеу жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жиналған жұртшылық мерейтой аясында демеушілер қолдауымен жарық көрген үш кітаптың тұсаукесеріне куә болды. Жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Елікбай мен филология ғылымдарының кандидаты, профессор Бақытгүл Қапасованың «Байзақов биігі» кітабы, ұлағатты ұстаздар, Үлгілі ауылының тұрғындары, апалы-сіңлілі Зейнеп пен Тұрсын Әділханқыздары құрастырған «Халықтың қасиетін жанмен ұққан» жинағы және айтыскер ақын Мизан Жұмалінің «Дауылпаз» поэмасы оқырманға жол тартты.

Өлкетанушы Тұрсын Әділханқызы –  зейнеткер мұғалім, Иса Байзақовтың туған ауылында өскен, ұлы ақын білім алған мектепте оқыған.

– Мүмкін, ол осы ауылдан шыққандықтан да бізге жақын адам шығар. Оның жетістіктеріне қуану – бала кезімізден бойымызға сіңген сезім. Зейнетте болсам да, бұл іспен айналысуды тоқтатқан емеспін. Мен ғана емес, бұл іске жан-тәнімен берілгендер көп, – дейді Тұрсын Әділханқызы.

 

«Халықтың игілігін жүрегімен ұққан…» атты еңбегінің атауы Байзақовтың өз сөзіне негізделген. 1946 жылы Иса Байзақов қайтыс болар алдында  Жақан Сыздықовқа: «Егер мен туралы жазатын болсаң, кітабыңның атын Халықтың игілігін жүрегімен ұққан деп қой», – деген екен. 

– Иса Байзақов туралы алғаш зерттеп, есімін халқымен қауыштырғандардың бірі – ақын, журналист, өлкетанушы Мүбәрак Жаманбалинов екені көпке мәлім. Ал одан кейін белгілі ақын Қабек Сағитов көп еңбек сіңірді. Қабек ақынның әкесі Сағит кезінде Исамен бірге көп жүрген және талай айтысқан адам екен. Қабек ақын сол әкесінен естігендерін жазып жүрсе керек, соңына көп тың дерек қалдырыпты. Бұл кітап төрт тараудан тұрады. Оған ақын туралы естеліктер, туыстары мен ұрпақтары, Үлгілінің дарынды тұлғалары туралы деректер жиналған. Үлгілінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі көрсетілген. Оның ішінде Исаның майдан жолындағы атқарған жұмыстары да бар. Иса Байзақов ел аралап, концерт қояды екен де, одан түскен қаражатты майдандағы сарбаздардың керегіне жолдап, соғыс біткенше жалғастырып тұрған, –  дейді Тұрсын Әділханқызы.

Айта кетейік, Ертіс ауданында мерейтойға орай этноауыл бой көтерді. Онда ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, көрмелер, басты сахнада үлкен концерт өтеді.