Ертіс ауданында жаңа мешіт ашылды
Мәшһүр Жүсіп мешітінің бас имамы Жолдас қажы Бердімұратов құттықтап, жаңа мешіттің имамы Наврузов Хаджиакбарды елге таныстырды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Үлгілі ауылында жиналған қауымға мешіт айналасында киіз үйлер тігіліп, ақ дастархан жайылды. Сонымен қатар мешіттің ашылуын тамашалап келген мектеп оқушыларымен балабақшаның балаларына арнайы сыйлықтар берілді.
Көпшілік қауым күмбірлеген домбыраның үнінен шыққан керемет күйлер мен арнауларды тамашалады.
– Мешіттің үлкен залының сыйымдылығы 70-80 адамға есептелген. 100-ден аса кітап сақталған кітапханамен және дәрет алатын бөлмелермен жабдықталған, – дейді Ертіс ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Алтынай Тілеуова.
Ел азаматы Әділ Бексұлтанов Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, Павлодар облысының өкіл имамы, демеушілер мен ықыласты азаматтардың барлығына алғысын айтып, Алғыс хаттар табыстады.
Мешіттің салтанатты лентасын қию рәсімін бас имам Жолдас қажы Қоспақұлы және Үлгілі ауылының ақ жаулықты, еңбек ардагері Зейнеп Әділханқызы өткізді.