Ертіс жастары құқық пен тәртіпті сахнада насихаттады

Ертіс жастары құқық пен тәртіпті сахнада насихаттады
Фото: Ұйымдастырушылардан

Ауданның 10 мектебінен жиналған 100 оқушы өз өнерін ортаға салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Ертіс ауданының жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында «Заң мен тәртіп. Жаңғырту» тақырыбында көңілді тапқырлар клубы (КТК) ойыны ұйымдастырылды. Бұл жолғы ойын әдеттегі әзіл-сықақ сайысы тәрізді емес, құқықтық мәдениетті насихаттайтын мазмұнды әрі серпінді алаңға айналды.

Шараның басты мақсаты — оқушылардың бос уақытын белсенді және мазмұнды өткізуге тарту, шығармашылық қабілеттерін дамыту, сондай-ақ мектептер арасында КТК қозғалысын жаңа деңгейде жандандыру болды. Нәтижесінде ауданның 10 мектебінен жиналған 100 оқушы өз өнерін ортаға салып, жоғары дайындық, ерекше сценарий және командалық үйлесімділіктің жарқын үлгісін көрсетті.

– Сахнада тек күлкі мен әзіл ғана емес, астарлы ой, әлеуметтік жауапкершілік және заң мен тәртіп тақырыбына құрылған шығармашылық қойылымдар көрініс тапты. Қатысушылар көрерменге ой салатын, тәрбиелік мәні бар нөмірлер ұсынып, ойынның мазмұнын жаңа деңгейге көтерді, - дейді ұйымдастырушылар.

КТК қорытынды бойынша Абай атындағы мектептің командасы Бас жүлдені қанжығалады. Ал І орынға Ағашорын мектебінің көңілді тапқырлары ие болса, ІІ орынға Қоскөл көмандасы тұрақтады. Жүлделі ІІІ орын қызылжарлық оқушылардың еншісінде қалды. Қалған командалар да түрлі аталымдар бойынша марапатталды.

Қазылар алқасының мүшесі, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Гүлвиза Қалижанова шараның мән-маңызына ерекше тоқталып өтті.

– Мұндай форматтағы іс-шаралар жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосады. Қатысушылар тек шығармашылық қабілетін емес, заң мен тәртіпке деген көзқарасын да көрсетті. Бұл — бүгінгі қоғам үшін өте маңызды қадам, — деді ол.

КТК ойыны Ертіс ауданы оқушылары үшін тек жарыс емес, шығармашылық пен құқықтық тәрбиені ұштастырған ерекше тәжірибе алаңына айналды. Бұл жоба жас ұрпақтың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға және жауапкершілік мәдениетін нығайтуға ықпал етері сөзсіз.