Ертіс ауданында деменцияға шалдыққан азамат отбасына оралды

Ертіс ауданында деменцияға шалдыққан азамат отбасына оралды
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Ол үйінен шыққаннан кейін жолды бағдарлай алмай адасып кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ертіс ауданының полиция бөліміне бір әйел хабарласып, мүгедектігі бар және деменция дертіне шалдыққан інісінің   жоғалып кеткенін айтқан. Іздеу жұмыстарына жедел түрде жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторы Ринат Мусин кіріскен.

– Біздің ініміз Жұмагелді Рахметов  ішінара есте сақтау қабілетінен айырылған. Үйден шыққанда өзінің аты-жөнін, мекенжайын ұмытып қалады. Тіпті, жүрген жерін бағдарлай алмайды. Ешкімді танымайды. Біз хабарласқаннан кейін учаскелік инспектор Ринат Мұратұлы бірден қоңырау шалып, бізді сабырға шақырып, іздестіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын айтты. Кеш уақытқа қарамастан, ол бізбен үнемі байланыста болды. Біраз уақыттан кейін хабарласып, інімізді   үйге алып келді. Сөйтсек, ол  серуендеп, бейтаныс үйге кетіп қалған. Үйден шыққан тұрғындарға өз мекенжайын айта алмаған, - дейді жігіттің туыстары

Осы оқиғадан кейін жігіттің туыстары ертістік полицейлерге алғысын білдіріп, жедел хат жолдаған.

– Отбасымызға көрсеткен көмегі, жоғары кәсібилігі мен бізге деген жанашырлығы үшін шынайы алғыс білдіреміз. Оның қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен атқаруы мен жедел әрекеттерінің арқасында ініміз – Жұмагелді дер кезінде табылды. Қазір ол  қасымызда, қауіпсіз жерде, – деп жазды Рахметовтер отбасы.

Ал полицейдің өзі азаматтарға көмек көрсету және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір полиция қызметкері үшін басты міндет екенін атап өтті.