Еңбек ері павлодарлықтарды Отанға деген сүйіспеншілікті іспен дәлелдеуге шақырды

Еңбек ері павлодарлықтарды Отанға деген сүйіспеншілікті іспен дәлелдеуге шақырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде Қазақстанның Халық қаһармандары мен Еңбек ерлерінің қатысуымен IV республикалық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Конференция қатысушылары «Достық үйінде» өңір жастары­мен кездесті. Іс-шараны ашқан облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова бұл конференция халық батырларының ел тарихында өшпес із қалдырған ерліктерін дәріптеуге арналғанын атап өтті.

– Шараның қасиетті жер – Екібастұз бен Баянауылда өтуі тегін емес, – деді Айгүл Мәлікова. – Бұл өңірлер Отанын сүйетін, елін қорғай білген, еңбекқор әрі батыл жандарды тәрбиелеп шығарған. Олардың рухы әрдайым елге бірлік, патриотизм мен Отанға адалдық рухын дарытып отыр.

Tayelsiz Qazaqstannyn Halyq Batyrlary республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев өз сөзінде тарихтың маңызына тоқталды.

– Кезінде атақты батырлар өмірлерін құрбан етіп, бүгінгі бейбіт өміріміздің негізін қалады. Қазір біз – тәуелсіз елде, өз жеріміздің иесіміз. Аталар мен бабаларымыздың даналығын ұмытпауымыз керек. Өмір мәңгі емес, ал мәңгілік – Отанға деген сүйіспеншілік, құрмет пен жадымызда қалған есімдер. Отанды сүю  жүректен шығуы тиіс. Әдемі сөз айтудың қажеті жоқ, Отанға деген махаббат іс жүзінде көрінуі керек, – деді ол.

Қазақстанның Еңбек ері, Сәтбаев қаласынан келген шахтер-проходчик Тұрсынбек Мәкішев 35 жылдан бері 60 метр тереңдікте еңбек етіп келеді.

– Конференцияға жер астынан арнайы келіп сәлем жолдап отырмын деуге болады, – деді ол. – Еңбек адамы – қоғамның негізі. Елдің өркендеуі – солардың арқасы. Бүгінде елімізде жеті мыңнан астам жас шахтер мен металлургтер еңбек етіп жатыр. Біз оларға сенеміз әрі мақтан тұтамыз.

Өткен жылы алғаш рет «Еңбек ері» атағы екі мұғалімге берілді. Солардың бірі – Орал қаласындағы Асан Тайманов атындағы мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Эльмара Траисова.

Конференция барысында ол мұғалімдік жолын ешқашан таңдағанына өкінбегенін айтып өтті.

– Мұғалім тек сабақ уақытында емес, жұмыс уақытынан тыс та ұстаз болып қала береді, – деді Эльмара Траисова. – Жас ұрпаққа айтарым – жүректерің қалаған мамандықты таңдаңдар және әрдайым Отанды сүйіңдер, құрметтеңдер, мақтаныш тұтыңдар.

Жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры Ризат Рахимжановтың айтуынша, патриоттық тәрбие – павлодарлық жастармен жұмыстағы басым бағыттардың бірі. Биыл өңірде осы бағытта 10 жоба іске асып, 152 іс-шара өткізілген. Олардың барлығы жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға және ел тарихына деген құрметін қалыптастыруға бағытталған.

Маңызды жобалардың бірі – «Жас сарбаз». Бұл жоба арнайы бөлімшелерге экскурсиялар, алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабақтары, «Патриоттар уақыты» фильмін көру және талқылау, «IQ Bäyge» және «Топтық сынақ» квестері, сондай-ақ «Сарбаздың бір күні» атты бейнежоба сынды шараларды қамтиды.

Конференция қонақтары облыс орталығындағы Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған лицей-мектебіне барды. Айта кетейік, делегация бұған дейін Екібастұз және Баянауыл аудандарында да болды.