Футболдан Қазақстан чемпионатында көшбасшы ауысты

Футболдан Қазақстан чемпионатында көшбасшы ауысты
Фото: «Астана» ФК

Турнир кестесін бастап келген алматылық «Қайрат» Талдықорғанда ұпай жоғалтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының үшінші туры бірталай қызықты нәтижелермен ерекшеленді. Мәселен, «Ертіс» аса тартысты матчта Петропавлда жергілікті «Қызылжардан» ұпай тартып алды. Кездесу барысында қос команда бір-бір ойыншысынан айырылды, ал соңғы сәттерде есеп алаң қожайындарының пайдасына 2:1 болып тұрғанда «Ертіс» пайдасына пенальти белгіленді, оны Мирас Тұрлыбек кәдеге асырды – 2:2. Аталған шешімдердің бәрі Антон Кучма тарапынан даулы болып көрінді.

«Астана» өз алаңында Қазақстан футболының мықты ұжымдарының бірі – қостанайлық «Тобылды» қабылдады. Елордалықтар қаржылық қиындықтар мен Назми Грипши, Джеффри Чинеду, Алекса Аманович сынды шеберлерден айырылғанына қарамастан, тәуір ойын танытып келеді. Григорий Бабаян бапкерлік біліктілігін көрсетуде. Соның арқасында «Астана» «Тобылды» 2:0 есебімен ұтты.

Талдықорғанда «Қайрат» жергілікті «Жетісудан» айласын асыра алмады – 0:0. Осының салдарынан алматылықтар көшбасшы рөлін «Астанаға» беріп қойды.

Түркістанда «Ақтөбе» мен «Елімай» ойнады. Семейліктер чемпионатты мардымсыз нәтижелермен бастады, жеңіс ауадай қажет еді. Матч батысқазақстандықтардың басымдығымен өрбігенімен, «Елімай» жеңісті жұлып алды. Есеп 1:1 болып теңескеннен соң алаңға шыққан Роман Мұртазаев екі гол соғып, бір ассист жасап командасына үш ұпай әкелді.