Газ Павлодар облысына қашан келуі мүмкін
Бұл халықтың ауылдан көшіп жатқанын тежейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көктөбеде облыс әкімі Асайын Байхановтың Май ауданы халқымен кездесуі өтуде. Өңір басшысы ауыл жағдайының жылдан-жылға қарай жақсарып келе жатқанын атап, дегенмен, бірқатар мәселелердің шешілмегенін мойындады.
- «Балық – терең суды, ал адам жақсы жер іздейді» деген сөз бар, әрбір адам өзіне жайлы жерді іздеуге құқылы, оны шектей алмаймыз, - деді Асайын Байханов. – Өзім ауылда туып-өскенмін. Халық неге ауылдан кетіп барады – ешкім пеш жағып, күлін шығарып отырғысы келмейді.
Бұл мәселені шешу үшін өңір әкімдігі ҚР Үкіметімен тығыз жұмыс істеуде. Павлодар облысы қалалары мен ауылдарын газдандыру басты міндет. Газ «Сарыарқа» құбыры немесе Ресейден тартылады. Мәселе 2024 жылдың бірінші тоқсанында шешілуі тиіс.
- Егер газдандыру мүмкін болмаса немесе ол мәселенің шешілуі бес-алты жылға созылатын болса, онда бұл сұрақты аудан орталығы мен ірі ауылдарда жылу қазандықтарын салу арқылы шешеміз. Егер де облысымызға газ келетін болса, онда ішкі құбырларды облыс өзі салады. Бұл мәселеде сәл тағат танытайық, - деді облыс әкімі.
Естеріңізде болса, Үкімет өңірімізді газдандыруды ойластыруда. Бірінші вариант: «Сарыарқа» құбырын созу, екіншісі – Ресейден Қытайға тасымалданатын газ транзитінен құбыр тарту. Ол бойынша «Газпром» АҚ келіссөз жүргізілуде.
Фото: Константин Шелков