Imanbek «латын Грэмми» сыйлығына номинацияланды

Imanbek «латын Грэмми» сыйлығына номинацияланды
фото: Instagram/imanbekmusic

Ақсулық диджеймен бірге бұл марапатқа тағы төрт туынды үміткер болып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Латынамерикалық өнер және дыбыс жазу академиясы португал және испан тілдеріндегі музыкалық жетістіктер үшін берілетін Latin Grammy Awards сыйлығының номинанттарын жариялады. «Best Latin Electronic Music Performance» («Латын электрондық музыкасының үздік орындауы») санатында қазақстандық саунд-продюсер Иманбек Зейкенов бақ сынайды.

2024 жылдың қазан айында Imanbek аргентиналық әнші Taichu-мен бірге «Ella Quiere Techno» трегін шығарды. Әнде техно жанры латынамерикалық эстетикамен және испан тіліндегі вокалмен үйлестірілген. Туындыны музыка арқылы өзін-өзі еркін көрсетуге арналған гимн деп қабылдауға болады. Ол көңіл-күйді жеткізіп, тыңдарманға еркіндікке жол беретін сезім қалыптастырады.

Imanbek пен Taichu-дан бөлек, бұл санатта Elena Rose және Sistek «Orión» шығармасымен, Ela Minus «Qqqq» трегімен, сондай-ақ Mr.Pauer, Villa Electronica & Dj Polin орындаған «Rulay En Dubai (Extended)» еңбегі ұсынылған.

– Латынамерикалық музыканың ықпалы әлемдік деңгейде артып келеді. Барлық номинанттар оның алуан түрлілігін және байлығын көрсетіп отыр. Сонымен қатар біздің музыканы ерекше ететін дәстүрлі әуенді сақтап келеді, – деді Латын Америка дыбыс жазу академиясының бас директоры Мануэль Абуда.

Жеңімпаздар 13 қарашада жарияланады.

Айта кетейік, 2021 жылы Imanbek «Roses» (Saint Jhn) әніне жасаған ремиксі үшін «Best Remixed Recording (non-classical)» санатында «Грэмми» сыйлығын алған алғашқы қазақстандық атанған еді.