Интернет алаяқтарының қақпаны: Павлодарлықтар алданбау үшін нені білуі тиіс?

Құқық қорғау органдары тұрғындарды абай болуға шақырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Алаяқтар сан алуан тәсілмен алдап, ақша мен жеке деректерін иемденеді. Атап айтсақ, WhatsApp-ты бұзу арқылы олар аккаунтқа кіріп, растау кодын иемденеді де, жәбірленушінің атынан хабарлама жіберіп, ақша сұрайды. «Басшы–қызметкер схемасы» жалған аккаунт ашып, басшының аты-жөнін, суретін пайдаланады. Кейін қызметкерлерден қаржы талап етеді.
«Фишинг» телефон арқылы «Ұлттық банк», «Egov», «ЭнергоСбыт», тіпті медицина ұйымдарының атын жамылып хабарласады. 1414-тен келген кодты сұрап, қорқытып немесе алдап ақша аудартады.
Сонымен қатар, жарнама сайттарындағы алдау OLX, Kolesa, Krisha секілді платформаларда жалған тауар немесе қызмет жариялап, алдын ала төлем алғаннан кейін жоғалып кетеді.
– Instagram-дағы жалған парақшалардағы алаяқтар нақты дүкеннің бет-бейнесін көшіріп, сол арқылы техника сатамыз деп сендіреді. Бірақ барлық хабарландыру бір күнде жарияланған болса, бұл – күдікті белгі,– деді облыстық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Сүйіндік Қайырбаев.
Инвестициялық алаяқтық қысқа мерзімде пайда табуды уәде етіп, жалған криптовалюта немесе стартап жобаларына ақша салуды ұсынады. Кей жағдайда «Қазатомпром» сияқты танымал компаниялардың фейк сайттарын жасайды.
Сүйіндік Қайырбаевтың айтуынша, кез келген жарнамаға сенбей, алдымен пікірлерді оқу және ресми интернет-дүкеннің бар-жоғын тексеру қажет. Сондай-ақ парақшаның қашан ашылғанына да назар аударған жөн.
– Егер барлық жарнама бір күнде жарияланған болса, бұл алаяқтардың әрекеті болуы мүмкін, – дейді ол.
Құқық қорғаушылардың басты кеңесі – 1414 нөмірінен келген құпия кодтарды ешкімге бермеу. Сондай-ақ, белгісіз адамдарға алдын ала төлем жасамау, күдікті сілтемелерге өтпеу және «жеңіл табыс» үшін банк картасын ешкімге бермеу керек.