Инвестиция, мал басы: Баянауыл қай көрсеткіштерден көшбасшы?
Биыл ауданда ірі қара мен жылқы басының өсімі байқалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов аудан тұрғындарымен кездесуі кезінде мәлім етті.
– Аудан он айда инвестиция тарту бойынша облыста аудандардың арасында көшбасшы орында тұр. Жалпы 20 миллиардтан астам инвестиция тартылды. Ауыл шаруашылығы да біршама оң көрсеткіштерге ие. Егіс алаңы 18,6 мың гектарды құрады. Мал саны бойынша да аудан алдыңғы қатарда. Нақтылап айтсам, биыл ірі қара мен жылқы басының өсімі байқалады, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімі туристерді баураған Баянауыл өлкесінде жол инфрақұрылымын жақсарту басты назарда екенін жеткізді. Сабындыкөл жағалауы мен жағажайды жайластыру бойынша Баянауыл ауылында туристерді қабылдайтын орталық және байқау алаңын салу, Жасыбай көліне екі кірме жолды асфальттау жоспарланып отыр.
– Ал келесі жылы Жасыбай көліне, Шөптікөл, Сұлужон ауылдарына кіреберіс тас жолын салу бойынша жобаларды толықтай қолдайтын боламыз. Бұл мақсаттарға облыстық бюджеттен жалпы 1,2 миллиард теңге қаражат бөлінді. Өткен жылы Баянауыл ауылында салына бастаған бассейні бар спорт кешенін келесі жылы толықтай аяқтаймыз. Бүгінгі күні 75 пайызға жуық жұмыс орындалған. Бұл туризм саласының дамуына септігін тигізіп қана қоймай, тұрғындардың тұрмысын да айтарлықтай жеңілдететіні сөзсіз, – деді Асайын Байханов.
Айта кетейік, Жаңатілек ауылының тұрғындары кездесу барысында заманауи жаңа балабақша салуды, жарықтандыру мәселесін шешуді сұраған болатын. Сондай-ақ 2025-2027 жылдары «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 28 елді мекенде арнайы байланыс желісін салу жоспарлануда. 2025 жылы мұндай жұмыс 12 ауылда жүргізіледі – Жүсіпбек Аймауытов, Торайғыр, Ұзынбұлақ, Шоңай, Октябрь, Мәшһүр Жүсіп, Қаратомар, Лекер, Майкөбе, Үшқұлын, Ақши, Сұлужон.