Иса Байзақовтың туған жерінде оның домбырасының үні тағы да естілді

Мерекеде белгілі ақынның домбырасының түпнұсқасы емес, оның көшірмесі ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Иса Байзақовтың 125 жылдығын мерекелеудің екінші күні Ертіс ауылындағы ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Салтанатты рәсімге Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, ақынның ұрпақтары, құрметті қонақтар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жазушылар, зерттеушілер және жастар қатысты.
Жиналған жұртшылық мерейтой аясында демеушілер қолдауымен жарық көрген үш кітаптың тұсаукесеріне куә болды. Жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Елікбай мен филология ғылымдарының кандидаты, профессор Бақытгүл Қапасованың «Байзақов биігі» кітабы, ұлағатты ұстаздар, Үлгілі ауылының тұрғындары, апалы-сіңлілі Зейнеп пен Тұрсын Әділханқыздары құрастырған «Халықтың қасиетін жанмен ұққан» жинағы және айтыскер ақын Мизан Жұмалінің «Дауылпаз» поэмасы оқырманға жол тартты.
Өңір басшысы Асайын Байханов сарыарқаны домбырамен тербетіп, күймен өрнектеген Иса Байзақұлының өнегесі өскелең ұрпаққа ұмытылмас мұра екенін атап өтті.
Ертіс ауданының тумасы, Қазақстан Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев жерлестеріне құттықтауын жолдады. Мерейтоймен ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова да құттықтады.
– Қазақ мәдениетінің сардары, дауылпаз ақын, дүлділ әнші, жыр алыбы Иса Байзақов – халқымыздың біртуар дара тұлғасы. Сондықтан бұл мереке еліміз үшін ортақ рухани мереке болады. Ал біз – оның туған топырағынан шыққан перзенттері үшін – бұл ерекше мақтаныш және рухани шабытты күн, – деді Айзада Құрманова.
Иса Байзақовтың немересі Құралай Ертісқызы өткізіліп жатқан іс-шаралардың ауқымдылығын атап өтті.
– Қазақ әдебиетіне, драмаға, музыкаға атамыздың қосқан үлесі зор. Сондықтан бұл той – барлық Қазақстанның тойы, – деді ол.
Мәдени іс-шараның ерекше сәті – Иса ақынның домбырасының көшірмесі аудандық музейге табысталуы болды. Домбыраның үні сахнада жаңғырып, ақын Мизан Жұмалі Иса ақынға және жиналған қауымға жыртарту жасады.
Естеріңізге сала кетейік, этноауылда ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, басты сахнада үлкен концерт өтеді. Сонымен қатар, айтыстың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталады.