Кәріз жүйесі қоқыс жәшігі емес: Павлодарда пәтерлерді су басу неге жиіледі?
Кәріз жүйесін дұрыс пайдаланбау және ішкі желілердегі техникалық ақаулар пәтерлер мен жертөлелердің ағынды суға толуына себеп болуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Павлодар-Водоканал» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы кездері желілердің бітелуінен болатын кептеулер мен кәріз суының жайылуы жиілеп кетті. Төтенше жағдайлардың негізгі себебі – жүйеге ыдырамайтын қалдықтар мен бөгде заттардың түсуі.
– Сонымен қатар, ішкі желілерде кері клапандардың жоқтығы және ғимараттар ішіндегі кәріз жүйелерінің ақаулары пәтерлер мен жертөлелерді су басу қаупін арттырады. Кері клапан ағынды судың қарсы бағытта ағуын блоктайды, осылайша төтенше жағдайлардың алдын алады. Тұрғындар мен қызмет көрсететін ұйымдар көппәтерлі үйлер мен жеке үйлердегі клапандардың міндетті түрде болуын және олардың техникалық жағдайын мұқият тексеруі қажет, – делінген хабарламада.
Мамандар барлық тұтынушыларды кәріз жүйесін жауапкершілікпен пайдалануға, оның дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және жүйеге тұрмыстық қалдықтарды тастамауға шақырады.