Көшпенділер ойындарына қатысатын жануарлардың жағдайы тексерілді
Тексерісті Астана қаласының ветеринариялық қызмет өкілдері өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына объектілерді көруге ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Астана қаласы бойынша аумақтық инспекция Астана қаласы әкімдігінің «Астана ветсервис» КММ-ның өкілдері қатысты.
– Арнайы комиссия ат қораларының, құстарды орналастыратын орындардың, жануарлардың жем-шөбі мен су сақтау орындарының, жануарлар жарақат алған жағдайда оларды емдейтін ветеринариялық клиниканың дайындығын тексерді, – деп атап өтті Дирекцияда.
Көшпенділер ойындарына қатысатын жылқылар «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені мен «Қазанат» ипподромының ат қораларына орналастырылады. Барлығы 512 орынға арналған ат қора ойындар кезінде жылқылардың барлығын, спорттық бағдарламаға байланысты жылқылардың орнын ауыстыра отырып, орналастыруға мүмкіндік береді.
– Спорттық бағдарламаның Құсбегілік спорт түрі бойынша барлығы 45 бас құс қатысады. Монғолия елінен 3 бас бүркіт, Қырғызстан Республикасынан 3 бас бүркіт, 3 бас ителгі, 3 бас қаршыға қатысу күтілуде, – деп толықтырды баспасөз орталығында.
Құстар астаналық циркке орналастырылады. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құстарды жеке-жеке орналастыру үшін арнайы торлар қолданылады.
Көшпенділер ойындарының жануарларын орналастыратын орындар барлық ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес келеді.
Естеріңізге сала кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтеді. Билеттерді сілтеме арқылы сатып алуға болады.