Келесі жылы Павлодардағы ЖЭО-3-да қандай инвестициялық жобалар қолға алынады?

Келесі жылы Павлодардағы ЖЭО-3-да қандай инвестициялық жобалар қолға алынады?
Фото: Константин Шелков

Қалаға ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешов шаһардағы «ЖЭО-3-ке» жұмыс сапарымен барды. Кездесуде «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» бас директоры Олег Щемель станцияның жылу беру маусымына дайындығы мен атқарылған жөндеу жұмыстарының нәтижелері туралы баяндады.

Ағымдағы жылы 3 жылу электр орталығында құрылыс жұмыстары уақытылы және толық көлемде аяқталды. Негізгі жабдықта төрт ірі және екі кеңейтілген жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осының арқасында станция шаһарды жылумен қамтамасыз етіп, электр энергиясын қалыпты режимде өндіруде.

Жиналыста Олег Щемель станцияның болашақ инвестициялық жобаларын да таныстырды.

– Келесі жылы «ЖЭО-3-тегі» инвестициялық бағдарлама аясында бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Оларға №1, №3 және №5 қазандық агрегаттарының айналдыру элементтері мен тамшы ұстайтын құрылғыларын реконструкциялау, химиялық цехтағы №3 су тазалағыштың өнімділігін арттыру, сондай-ақ бойлерлік қондырғылардың құбырларын жаңарту жатады, – деді мекеме басшысы. 

Биыл инвестициялық бағдарлама аясында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, екінші, төртінші және алтыншы қазандық агрегаттары қайта құрылды, жылу жүйесін толықтыру схемасы мен химиялық цехтағы №2 су тазалағышы жаңартылды, №6 қазандық агрегатында автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілді.