Келесі жылы Успен ауданында үш мектеп жаңартылады

Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов Темирязев ауылының мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тобылжан ауылының тұрғыны, мектеп директорының міндетін атқарушы мектепте 328 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттаманың дайын екенін атап өтті. Ендігі кезекте мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу керек.
– Жыл сайын әр ауданда екі-үш мектепте жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. 2025 жылы аудан орталығының екі үлкен мектебі мен Ковалевка ауылындағы мектеп жөнделеді. Ал Тобылжан ауылының мектебі 2026 жылы қарастырылатын болады, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алу рәсімдері мен мерзімдерін санағанда мердігерді белгілеу мамыр мен маусым айында болады. Мектепті жөндеу мерзімі – 2,5 ай. Яғни, бірінші қыркүйекке дейін дайын болуы талап етіледі. Сол себепті, мектептердің жөндеуі бойынша қаражат тек бекітілген бюджетте беріледі. Қазіргі таңда үш мектепте күрделі жөндеу өтеді деп жоспарлануда. Ахмет Байтұрсынов атындағы мектепке 221 млн теңге қаражат бөлінді. Аталған білім ордасында ішкі жұмыстар атқарылады.
М. Жұмабаев атындағы мектепте 20 жыл ішінде шешілмеген мәселе бойынша 239 млн теңгеге жылумен қамту, ішкі және сыртқы жұмыстар жүргізіледі.
Үш мектепте қаңтар айының аяғына дейін толықтай мемлекеттік сатып алу рәсімдері аяқталады. Мердігерлер белгіленеді. Сол кезден бастап, аудан әкімшілігі мен білім беру басқармасы жұмысқа кіріседі.
Аймақ басшысы Тобылжан ауылының мектеп құжаттамасын 2026 жылдың жоспарына енгізуге тапсырма берді.