«Халық әуені» - Павлодарда

«Халық әуені» - Павлодарда
Фото: pixabay.com

Ертіс-Баян өңіріне мемлекеттік академиялық би театры келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай елімізде бастау алған ауқымды шара Павлодар облысын да қамтыды.

Бүгін Естай мен Исаның еліне Қазақстан Республикасының мемлекеттік академиялық би театры табан тіреді. Өнерпаздар «Халық әуені» жобасы аясында облыстағы ауылдар мен аудандарда балет бағдарламасын ұсынады.

– Жоба ұлттық өнер мен мәдени мұраны дәріптеп, жетекші шығармашылық ұжымдардың қатысуымен еліміздің 17 өңірін қамтиды. Шалғай елді мекен тұрғындарына ұлттық және заманауи өнердің үздік үлгілері ұсынылады, - делінген хабарламада.

Жоба қатысушылары 21 мамыр күні Аққулы ауылында, 22 мамыр күні Көктөбе ауылында және 23 мамырда Ақтоғай ауылында өнер көрсетеді деп жоспарлануда.

«Халық әуені» – ұлттың рухани тамырын жаңғыртып, мәдениеттің игілігін елдің әр түкпіріне жеткізетін ерекше бастама.

Еске сала кетейік, «Халық әуені» жобасы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-ның демеушілік қолдауымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Сонымен қатар, 19-21 мамыр аралығында Астанада «Мәдениет және инновация» республикалық форумы ұйымдастырылуда. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен музей, кітапхана, архив, мәдениет үйлері мен өзге де сала ұйымдарының өкілдері жиналды.