Павлодар облысы мәслихатының хатшыс шалғай ауылдарды аралауда
Бүгінде жеті мыңнан аса тұрғынмен кездесу өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
АЭС салуды қолдау жөніндегі Павлодар облыстық халықтық штабының төрағасы Илья Теренченко өңірде партия ұйымдарының басшылары, қоғамдық пікір көшбасшылары, сарапшылар, бизнес пен АӨК секторы, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет өкілдері мен жастардан тұратын жеті үгіт тобы құрылғанын жеткізді. Әр топқа 10-15 адамнан кіреді. «AMANAT» партиясының облыстық филиалында штаб мүшелері апталық үгіт жұмыстарының нәтижелерін қорытындылады.
– Біз өзіміз үшін қарапайым міндеттер қойып отырмыз – халыққа атом электр станциясын салудың маңызын қарапайым мысалдармен, сөздермен түсіндіру. Алға дамыған технологияның арқасында елде электр энергиясын беретін қауіпсіз нысандарды салуға мүмкіндік бар, – деді Илья Теренченко.
Оның сөзінше, референдумды түсіндіру бойынша құрылған халықтық штабтың мобильді топтары күн сайын өңірдің әрбір ауданын, әрбір қаласын қамтиды.
– Күн сайын топтар түрлі шалғайдағы ауылға барады. Бір апта ішінде 170 нысанды араладық. Үгіт жүргізетін штаб мүшелерінің арасында білікті сарапшылар бар. Біз тек тексерілген ақпаратқа сенуге шақырамыз, – деді Илья Теренченко.
Мысалы, «Jebe» қоғамдық бірлестігі Павлодар облысының халықтық штабына арнайы қосылған болатын.
– Бірқатар аудандар мен ауылдарды аралап, мекемелерде болып, тұрғындармен, зауыт қызметкерлерімен, өндіріс орнындағы өкілдерімізбен, коммуналдық қызмет саласының мамандарымен жүздесіп, осы мәселе төңірегінде біраз ой бөлісіп қайттық. Басты мақсат – референдумға халықтың жаппай қатысуын қамтамасыз ету. Ел болашағы үшін осындай маңызды мәселе қаралып жатқан кезде ешкім қалыс қалмауы тиіс, – «Jebe» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділов.
Оның сөзінше, халықтың АЭС туралы жалпы түсінігі бар.
– Әрине, әркім өз таңдауына, қалауына, ой пікіріне қарай таңдау жасайды. Атом электр станциясы – біздің еліміздің экономикасына ғана емес, энергетикалық қауіпсіздік мәселесінде де өте маңызды дүние, сондықтан да осындай жаңа энергия көздері бізге аса қажет екенін халық өзі де жете түсініп отырғанын байқадық. Көпшілігі міндетті түрде референдумға қатысып, өз таңдауымызды жасаймыз деген шешімге келіп жатқаны бізді қуантты.
Штаб мүшесі, Павлодар облыстық қызмет кәсіподағының төрағасы Қасен Темірболат та үгіт жүргізуге белсенді қатысуда.
– Халыққа атом электр станциясының келешекте салыну іс жоспарымен таныстырып, оның келешекте қауіпсіздігі қандай, қауіптілігі жақтарын баса айтып, толық түсініктеме беріп жатырмыз. Бүгінгі күні өз басым барып жүрген ауылдарда атом электр станциясының салыну іс жоспарын қолдап отыр десем артық емес, – деді Қасен Темірболат.
АЭС салуды қолдау жөніндегі Павлодар облыстық халықтық штабының өкілдері ауылдарды аралауды жалғастырады.
Фото: облыстық «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі ұсынды