Киіз үй сөмкенің авторы Louis Vuitton қызығушылық танытқан ұлттық ойындарды патенттеп жатыр
Ақтөбелік өнерпаз Айнұр Полатова ұлттық ойындарды қайта жандандырып, трендке айналдырмақ. Бүгінде жерлесіміздің авторлық жұмысына әйгілі Louis Vuitton сән үйі қызығушылық танытып отыр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі жас талант иесімен әңгіме-дүкен құрған еді.
«Талапай» атты жобамды, брендімді жарты жыл бұрын аштым. Оған себеп - қазір көптеген дәмхана, кофехана келушілерге түрлі ойындар ұсынып жатады. Әсіресе жастар жиі жүретін жерлерде. Бірақ, ол ойындардың барлығы шетелден келген. Соған қарап өзіміздің ойындар есіме түсті. Қазақтың небір ұлттық ойындары да бар емес пе, неге соларды қайта жандандырмасқа деген ой келді. Сөйтіп, ұлттық ойындармен тереңірек танысуды бастадым, этнографтардан кеңес сұрап, үш айдан соң өз жобамды ойлап шығардым. Нәтижесінде бес ұлттық ойынды қайта жандандырдым», – дейді Айнұр Полатова.
Жоба авторы идеясын көпшілікке таныту, ұсыну үшін түрлі жолмен жарнамалап, желіде жариялай бастаған. Дегенмен одан нәтиже шыға қоймаған.
Кейін танысының кеңесіне құлақ асып, Louis Vuitton сән үйіне өз жобасын ұсынып хат жазған.
«Әрине, әлемдік деңгейдегі компания жауап береді деп күткен жоқпын. Араға екі апта салып Louis Vuitton-нан оң жауап келді, Францияға идеямды талқылауға шақырды. Бәрі ойдағыдай болады деген үміттемін. Ойындарға келсек, бұл бұрыннан бар дүние. Мен бес ойынның ішінде тек бір ойынды өзім ойлап таптым. Ол үшін біраз өз бетімше іздендім», - дейді ол.
Айнұр қазір елордада магистратураның 1-курсында оқып жатыр. Оның мамандығының дизайн мен сәнге қатысы жоқ.
Бастапқы мамандығы – филолог (қазақ тілі мен әдебиеті).
«Алдағы уақытта ісімді дамытып, Астана және Алматы қаласында өз дүкенімді немесе бутигімді ашу ойда бар. Себебі осы екі қаладан сұраныс жоғары. Сонымен қатар тек ұлттық ойындармен шектелмей, басқа бағыттарды да қосымша дамытқым келеді. Бүгінде авторлық құқық, патент алу өте маңызды. Сондықтан ол жағын қазірден қарастырып жатырмын. «Қазпатент» мекемесіне авторлық бойынша өтініш беріп қойдым, жауабын күтіп жүрмін. Louis Vuitton компаниясына авторлық құқықпен барғаным әлдеқайда ыңғайлы. Тағы бір жайт, аталған сән үйімен келіспегеннің өзінде ісімді одан әрі жалғастыра беремін», - дейді жерлесіміз.
Сонымен қатар, өнерпаз елордаға көшу және жеке басына қатысты мән-жайды әңгімелеп берді.
«Мен бұған дейін Алматыда тұрдым. Өкінішке қарай, қатерлі ісік диагнозы қойылып, біраз уақыт емделдім. Емді жалғастыру үшін Астанаға көшіп келдім. Елордада химиялық терапиядан кейін қатерлі ісіктің мүлде жоқ екені анықталды. Бұл маған өте ауыр тиді, себебі қанша уақыт ем алдым, сөйтсем ол жалған екен. Осыдан кейін жұртқа, қоғамға пайдамды тигізгім келіп, жеке жобамды қолға алдым. Еңбегімді одан әрі көпшілікке таныту, ілгерілету үшін біраз жерге хабарласып, түрлі жарнама да жасадым, бірақ нәтиже болмады. Бұл жерде кәсібімді сатып, пайда табу мақсаты жоқ. Маған пайда былай да түсіп жатыр. Мәселе ұлттық құндылықта», - дейді жас талант иесі.
Жас өнерпаздың әзірге командасы жоқ, барлық жұмысқа өзі жауап береді.
Сол сияқты отандасымыз Louis Vuitton сән үйімен бірлесіп жұмыс істеуге 50/50 деңгейінде үміт артып отыр.
Дегенмен болмаған жағдайда да қаймығып отырған Айнұр жоқ, яғни ісін одан әрі жалғастыра бермек.
«Әрине, француз сән үйімен оң келісім жасалғанның өзінде олар маған белгілі бір талаптар қояды. Бұл авторлық құқыққа байланысты. Дегенмен менің де оларға деген өз талаптарым болады, себебі идея менікі», - дейді жоба авторы.
Айтпақшы, Айнұрдың мәліметінше, оның авторлық жобасына Түркия, Нидерланд, Норвегия секілді елдерден ұсыныс түскен.
Одан бөлек, Google компаниясында еңбек етіп жатқан жерлестерімізден де сұраныс бар.
Сондай-ақ, талантты жерлесіміз академиялық мобильділікті арттыру мақсатында Германияға 6 айлық оқуға барғалы жатыр.
Еске салайық, киіз үй түрінде сөмке жасайтын қазақстандықтың жобасына Louis Vuitton сән компаниясының қызығушылық танытқанын хабарлаған едік.
Атап айтқанда, жерлесіміз «Бес тас», «Құмар», «Ағаш үй» бестемшесі, «Тұмар» бестемшесі, «Тоғызқұмалақ» ойындарын қазақтың ою өрнегі бар функционалды қоржын түрінде ұсынылған.
Еске салайық, ойындардың нұсқаулығы үш тілде жазылған (қазақша, орысша, ағылшынша).
Одан бөлек, ақтөбелік талант иесінің айтуынша, Louis Vuitton-нан шақырту алғаннан кейін авторлық жобасын сатып алуға қатысты бірнеше ұсыныс түсіп, белгілі бір сома да ұсынылған.