Коммуналдық түбіртектердегі салықтар: павлодарлықтарға түсіндірме берілді

Қала тұрғындары коммуналдық қызметтерге арналған түбіртектерде жаңа жолдың пайда болғанын байқады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Kaspi Bank мобильді қосымшасында Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасынан төлем көрсетілуі әлеуметтік желілерде павлодарлықтардың түсінбеушілігін тудырды. Пәтер иелерінің басты сұрағы: бұл салық не үшін түбіртекте көрсетілген және оны төлеу қажет пе?
«ПЭТК» АҚ-нің мамандары бұл жолдың аталған кәсіпорынның түбіртектерінде «Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» деген белгімен көрсетілген сомасы республикалық мемлекеттік мекемеге төленетін салық екенін түсіндірді.
– Бұл жол бір реттік мемлекеттік кірістер басқармасы мен «ПЭТК» АҚ келісімі бойынша орналастырылды. Келесі түбіртектерде бұл төлем көрсетілмейді, – деп хабарлады мамандар.
Жағдайға Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті де түсініктеме берді.
– Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы мен Kaspi Bank АҚ арасында 2024 жылға арналған жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі туралы салық төлеушілерге хабарлама жіберу жөнінде келісім жасалды. Соңғы мерзім – бірінші қазан. Осы келісім аясында банктің мобильді қосымшасында қалыптастырылған коммуналдық қызметтер түбіртектерінде төленуге тиіс салық сомасы көрсетілді, – деп түсіндірді департамент өкілдері.
Бұл берешек емес, 2025 жылдың 1 қазанына дейін төленуі тиіс салық екені ерекше атап өтілді.
– Алайда түбіртектер банк тарапынан белгіленген мерзім өткеннен кейін қалыптастырылғандықтан, салық төлеушілердің көпшілігі бұл салықты әлдеқашан төлеп қойған. Бұл жағдай көрсетілген соманы жедел төленуі тиіс берешек ретінде қате қабылдауға әкелді, – деді салық қызметкерлері.
Егер 2024 жылға арналған мүлік салығы бұрын төленген болса, түбіртектегі бұл жолды елемеуге болады. Қателесіп қайта төленген жағдайда азаматтар артық төленген соманы белгіленген тәртіппен қайтарып алуға немесе оны болашақ салық міндеттемелеріне есепке жатқызуға құқылы.