«Күзгі vibe»: Павлодарлықтар кітапхана түнінде ортағасырлық би кешінің куәсі болды
Жыл сайын өткізілетін ауқымды шара биыл ерекше болды. Тұрғындар күзгі баллға қатысып, «Патша» мен «Пайтшайымды» таңдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Пандемиядан кейін С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада кітапхана түні екінші рет өткізіліп жатыр. Биылғы жылдың тақырыбы – «Күзгі vibe».
Кеш барысында келген қонақтар «Осенний блюз» атты көпұлтты музыка мен поэзия әлеміне еніп, қазақ, грек, армян мәдени орталықтары ұлттық музыка мен поэзиясын тыңдады.
Павлодарлықтар үшін түрлі поэтикалық, романс кештері, авторлармен шығармашылық кездесулер өтті. Жас баладан бастап, үлкен қарияларға дейін түрлі қызығушылық бойынша тақырыптық алаңдар ашылды.
– Бұл – дәстүрлі, жыл сайын әрдайым өткізілетін іс-шара. Биыл әрқайсысы өз қалауы бойынша бара алатын 20 алаң құрдық. Биыл кітап қорына саяхат ұйымдастырмадық. Өзімізге бір демалыс берейік деп шештік, – деді облыстық кітапхананың басшысы Шолпан Шахметова. – Осы кітапхана түнінен кейін оқырмандарымыз көбейіп, келем деушілер артады деген сенімдемін.
Кітапхананың бірінші қабатында балаларға арналған ойын-сауық бағдарлама ұйымдастырылып, клоундар мен сиқыршылар фокус көрсетті, ойындар мен викториналар өкізілді. Қариялар жастармен шахмат ойнап әлек болды. Ал шай майталмандары үшін кофені алмастыратын түрлі жидек-жеміс, гүлден қайнатылған шайдың дәмін татып көруге болды. Ал «Күзгі бақша» инсталляция-көрмесінде көкөністер мен жемістерден, жапырақтардан, гүлдерден және басқа да табиғи материалдардан жасалған қолөнер мен композициялар, күз сыйлықтарының қиял-ғажайыптары ұсынылды.
Екінші қабатта «Күзгі арбат» алаңында қолөнершілер, суретшілер, қолданбалы өнер шеберлері, гүл өсірушілер өз туындыларын таныстырды. Павлодарлықтар өз портреттерін тегін салдыртып, өздеріне әшекей-бұйымдар таңдады. Ал күзгі балл – кештің жарқын бөлігіне айналады. Ең белсенді, креативті, ерекше жұптардың арасында баллдың патшасы мен патшайымы таңдалды. Олар тарихи би байқауынан бақ сынасып, үздік атағын алуға тырысты. Алайда басқа да көрермендер де баллға қатысып, 19 ғасырдың кезеңіндегі жай-күйге бөлене алды. Оларға ең жеңіл деген қимылдарды көрсетіп, тарихи билерді үйретті.
Кітапхананың үшінші қабатында «Сиқыр әлемі» алаңында нумеролог - сандар мен болашақ арасындағы байланыс, адамдардың мінезі туралы сырын тарқатты. Ал астролог жұлдыздар бойынша тағдырды болжады. Ең көп кезек нумеролог пен астролог мамандарының қатарында жиналды.
Бұдан бөлек жастарға арналған қызықты интерактивті, үстел ойындары, кино сүюшілер үшін кинозал жұмыс істеді.