«Махаббат, қызық мол жылдар»: Павлодарлықтарды керемет кеш күтуде
Облыста дәстүрлі «Кітапхана түні» өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
С.Торайғыров атындағы ғылыми әмбебап кітапхана аумағында «Махаббат, қызық мол жылдар» атты «Кітапхана түні» әлеуметтік-мәдени акциясы ұйымдастырылады. Дәстүрлі шара биыл махаббат тақырыбына арналып, оқырмандар үшін сырлы сезімге толы түрлі алаңдар құрылатын болады.
Атап айтсақ, «Абай мен Тоғжан» алаңы, «Хат жазып тұр» сахналық қойылымы, «Бәрі махаббаттан басталады...» атты поэзия кеші, «Махаббат станциясы» кинозалы, «Махаббат әуендері» караоке залы, «LOVE GPT» интерактивті алаңы, «Сирек кітаптардағы махаббат әлемі» кітап көрмесі, «Махаббат хиқалаярын білесің бе?» викторинасы, «Әйел ажары - Женское очарование» handmade зергерлік бұйымдар көрме-сатылымы сынды басқа да көптеген қызықты іс-шаралар ұйымдастырылады.
– Павлодарлықтар бұл кеште ән шырқап, әуендерді тауып, сүйікті шығармалар желісімен түсірілген фильмдерді тамашалауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, сирек кітаптар әлеміне үңіліп, «Love GPT» алаңында заманауи цифрлық мүмкіндіктермен танысады. Болашаққа хат қалдырып, косплей-шоуда махаббат кейіпкерлеріне айналуға таптырмас мүмкіндік те бар. Ойындар, көрмелер, жәрмеңке және жылы атмосфера – барлығы бір түнде тоғысады, - дейді кітапхананың баспасөз хатшысы Тілеуберді Сахаба.
«Кітапхана түні» 20 сәуір күні сағат 18:00-де С.Торайғыров атындағы ғылыми әмбебап кітапхана аумағында өтеді.
Кіру тегін.