Павлодар облысында жыл басынан бері 50-ден астам өрт орын алды
Аталмыш өрт салдарынан бірнеше адам қаза тапқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Тілекжан Галямов мәлім етті.
– Жылыту маусымы басталғаннан бері Павлодар облысының аумағында тұрғын үй секторында 60 өрт орын алды. Материалдық шығын 10 миллион теңгеден асады. Өрттің салдарынан 5 адам қаза тапты, 7 адам түрлі сипатта жарақат алды, – дейді Тілекжан Галямов.
Тұрғын үй секторында өрттердің пайда болу себептері: отпен қауіпсіздік шараларын қолданбай жұмыс істеу, электр жабдықтары мен тұрмыстық аспаптарды монтаждау және дұрыс емес пайдалану, пештерді орнату, пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу.
– Облыс аумағындағы өрттермен жағдайды тұрақтандыру үшін тұрғындарға өрт қауіпсіздігі мәселелеріне саналы түрде қарау қажет. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуын уақтылы жою,– дейді подполковник.
Айта кету керек, бүгінгі таңда азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері жергілікті полиция қызметімен, атқарушы органдардың, волонтерлік ұйымдардың өкілдерімен бірлесіп тұрғын үй секторын аралап, қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде.