Маралды орманшылығында сирек кездесетін бұталы қырқылшақ табылды
Өсімдік ғылыми тұрғыдан мамандардың қызығушылығын тудырып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының баспасөз қызметі мәлімдеді.
— Маралды орманшылығы аумағында алғаш рет көзге түскен бұталы қырқылшақ - (Atraphaxis frutescens (L.) Evers) тарандар тұқымдасына (Polygonaceae) жататын көпжылдық бұта. Табылған өсімдік ғылыми тұрғыдан қызығушылық тудырып, резерват флорасының түрлік құрамына қатысты мәліметтерді толықтырады, - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта ботаникалық зерттеулер мен өсімдік жамылғысына мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр.
Айта кетелік, бұталы қырқылшақ елімізде көбіне қуаң және шөлейтті, тасты-тақырлау жерлерде, тау бөктерлері мен құрғақ далалық аймақтарда кездеседі. Әсіресе, Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс және орталық-солтүстік бөліктеріндегі қуаң экожүйелерде өседі.
Мамандардың айтуынша, аталмыш өсімдіктің ең маңызды ерекшелігі — оның құрамында флавоноидтар мен басқа да биологиялық белсенді қосылыстардың болуында.