Майқайың кентінің тұрғындары жер дірілін сезді

Майқайың кентінің тұрғындары жер дірілін сезді
Фото: Валерий Бугаев

Сейсмология орталығы тексеру нәтижесінде бұл құбылыстың Майқайың кентінен 15 шақырым қашықтықта орын алғанын анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 9 қаңтар күні сағат 09:55-те Баянауыл ауданы Майқайың кентінің тұрғындары жердің дірілін сезінгені туралы ақпарат түскен.

– Мән-жайларды анықтау барысында Қазақстандық Ұлттық сейсмология орталығының берген координаттары тексерілді. Геолокация Майқайың кентінен 15 шақырым қашықтықта орналасқан дала аймағына сәйкес келді. Тексеру нәтижесінде ешқандай қирау мен салдарлар анықталмады, – деп хабарлады департаментте.

Сонымен қатар, «Майқайыналтын» ЖШС-нің жарылыс жұмыстары 8 қаңтарда жүргізілгені белгілі болды. Қауіпті аймақтың радиусы бұл құбылыстың мұндай салдарға әкелуіне мүмкін еместігін көрсетеді.