Майқайыңда 30 жылға жуық жаңартылмаған су құбыры ауыстырылады
Жобаның жүзеге асырылу барысы облыс әкімі Асайын Байхановтың жеке бақылауында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Ағымдағы маусымаралық кезеңде Майқайың су құбырын қайта жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин нысанға барып, жұмыстың барысын тексерді.
– Құбырдың бұл учаскесі 27 жыл бойы жаңартылмаған. Барлығы 20 шақырымға жуық желі салынады. Қазіргі уақытта 10 километрден астам құбыр ауыстырылды. Жалпы қарқын жаман емес, мердігер ұйымға бекітілген мерзімге сәйкес жұмыстарды аяқтауды тапсырдым, – деп жазды қала әкімі өзінің Instagram парақшасында.
Еске сала кетейік, 21 ақпанда Екібастұз қалалық су арнасынан 27 шақырым жерде ақау анықталған болатын. Соның салдарынан Майқайыңда жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Жөндеу жұмыстарына 240-тан астам адам және 70 мамандандырылған техника жұмылдырылды.