Майқайыңның коммуналдық жүйесінде ауқымды өзгерістер болады

Майқайыңның коммуналдық жүйесінде ауқымды өзгерістер болады
Фото: Аяужан Жетес

Баянауыл ауданына жұмыс сапарымен барған Асайын Байханов кенттегі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімі жұмыс сапарын Майқайыңдағы орталық қазандықтан бастады. Бұл нысан – кенттегі орталықтандырылған жылумен жабдықтаудың жалғыз көзі. Ол тұрғын үйлер мен өндірістік нысандарды жылумен қамтамасыз етеді. Жалпы жылытылатын аумақ шамамен 145 мың шаршы метрді құрайды.

Қазандық алдағы жылыту маусымына толық дайын. Жазда мұнда жоспарлы жөндеу жүргізіліп, жабдықтардың бірқатар элементі ауыстырылды. Биыл бұл жұмыстарға шамамен 40 миллион теңге бағытталған.

Дегенмен жұмыс сапары кезінде қазандықты алдағы қысқа дайындаумен қатар, оның қуатын арттыру мәселесі де көтерілді. Қазіргі мүмкіндік жаңа тұтынушыларды орталықтандырылған жылу жүйесіне қосуға жеткіліксіз.

Қазандықты жаңғырту аясында екі қосымша су жылыту қазандығын орнату және жабдықтарды тиімдірек жұмыс режиміне көшіру жоспарланған. Нәтижесінде жылу қуаты артып, орталықтандырылған жүйеге жаңа тұтынушыларды қосуға мүмкіндік пайда болады.

– Майқайың үшін жылу өндіру қуатын арттыру қажет. Сондықтан қазандықты жаңғыртумен қатар жылу желілерімен де айналысамыз. Кентті жылумен қамтамасыз ету мәселесін кешенді түрде шешу маңызды, – деді Асайын Байханов.

Облыс әкімі қазандықты жаңғырту мен жылу желілеріндегі жұмыстарды өзара үйлестіруді тапсырды. Бұл жаңа қуаттарды іске қосқаннан кейін олардың мүмкіндігін толық пайдалануға қажет.

Жұмыс сапарының тағы бір бағыты Майқайыңдағы тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару жүйесіне қатысты болды. Кентте шамамен 10 мың адам тұрады.

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша арнайы коммуналдық техника сатып алуға облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. Майқайыңға бүйірден тиейтін қоқыс таситын көліктер жеткізу жоспарланған. Техника кентке қазан айының соңына дейін келуі тиіс.

Сонымен бірге Майқайыңға 200 жаңа қоқыс контейнері сатып алынады. Қазір олар қойылатын орындар белгіленіп, арнайы алаңдар дайындалып жатыр. Контейнерлер үшін бетон негіздер жасалып, айналасы абаттандырылады.

Кенттегі қалдықтарды басқару жүйесін жаңарту полигонды реконструкциялаумен жалғасады. Жобаны жүзеге асыруға шамамен 1,2 миллиард теңге қарастырылған. Мердігер – «Гидропром» ЖШС. Жұмыстарды 15 қыркүйекте бастау жоспарланып отыр.

Жоба бойынша полигонның инфрақұрылымы жаңартылып, заманауи талаптарға сәйкестендіріледі. Сондай-ақ қалдықтарды сұрыптау мүмкіндігі қарастырылған. Реконструкция аяқталғаннан кейін нысан сенімгерлік басқаруға беріледі.

Асайын Байханов қоқысты жинау, тасымалдау және полигонның жұмысын бір-бірімен байланыстырып ұйымдастыру қажеттігін атап өтті.

– Мұнда бәрін соңына дейін ойластыру керек. Бір ұйым қоқыс шығаруға, екіншісі полигонға жауап беріп, нәтижесінде олар жауапкершілікті бір-біріне ысыратын жағдай болмауы тиіс. Бірыңғай жүйе жұмыс істеуі керек, – деді облыс әкімі.

Жоспарланған жұмыстар нәтижесінде Майқайыңда жылу жүйесінің қуатын арттырумен қатар, тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және орналастыру тізбегін жаңарту көзделіп отыр.