Май ауданында алты инвестициялық жоба жүзеге асырылуда
Инвесторлар кездесуде жаңа бағыттардың перспективаларын талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Май ауданының әкімі Қадылжан Сәтиев өңірде экономикаға инвестиция тарту бағытында тұрақты жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда жалпы құны 34,4 миллиард теңгені құрайтын алты жоба жүзеге асырылуда.
– Аудан экономикасы екі бағытта дамып келеді. Біріншісі – ауыл шаруашылығы саласында жерді айналымға қайтару, суармалы егіншілікті дамыту және мал шаруашылығы. Біздің фермерлер мемлекет қолдауымен техниканы жаңартып, өндіріс қуатын арттырып, көкөніс қоймаларының көлемін ұлғайтып жатыр. Екінші бағыт – кен өндіру, кен орындарын игеру, – деді Қадылжан Сәтиев.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, 26 кәсіпорын геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде. Жаңа жобалар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін бермек.
Бүгінде «Ақжар өндіріс» ЖШС ет сою және консервілеу цехтарының құрылысына кірісті. Жобаның құны – 600 миллион теңге, құрылыс аумағы – 540 шаршы метр.
Кәсіпорын директоры Гүлзира Қазылова асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын компания 2010 жылдан бері өнім өңдеу саласын дамытып келе жатқанын айтты.
– Бұл екі жоба – біздің кәсіпорынның инвестициялық саясатының жалғасы. Консервілеу цехында қой мен ешкі етінен ет және өсімдік негізіндегі консервілер өндіруді жоспарлап отырмыз. Біз пайдалы бұршақ дақылдары мен өсімдік шикізатын қолданамыз. Өнім экспортқа бағытталады, алдын ала келісімдер де бар, – деді Гүлзира Қазылова.
Тағы бір жоба – мыс концентратын өндіретін байыту фабрикасының құрылысы. Жобаны іске асыру мерзімі – 19–20 жыл. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 6 миллиард теңге.

Бас директордың жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Олжас Самажанов даму перспективалары туралы баяндады.
– Біз Баянауылдан ұзындығы 5 шақырым болатын электр желісін жүргіздік, шамамен 350 тірек орнаттық – бұл 30–35 шақырым аумақты қамтиды. Фабрика үшін 4,9 мегаватт қуатқа тапсырыс берілді. Өйткені 2027 жылдан бастап жаңа кен орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Кендегі мыс мөлшері шамамен 3,5 пайызды құрайды, – деді Олжас Самажанов.
Қазіргі уақытта жоба жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеудің соңғы кезеңінде тұр. Мамыр айында ол сараптамаға жіберіледі. Жылына 300 мың тоннаға дейін мыс концентратын өндіру жоспарланып отыр.
Асайын Байханов кадр мәселесін шешу және вахталық қалашық құрылысының барысына қызығушылық танытты. Сондай-ақ облыстағы ірі кәсіпорындар үлгісінде білікті мамандарды оқыту ісін қолға алуды тапсырды.
Жалпы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.