Май ауданының ақыны республикалық мүшәйрада арнайы жүлде алды
Республикалық мүшәйраға еліміздің әр өңірінен 100-ден астам ақын қатысқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Астанада қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлының 75 жылдық мерейтойына арналған республикалық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. «Бостандық жырының бозжорғасы» атты республикалық ақындар мүшәйрасында Май ауданы мәдениет және ойын-сауық орталығының ақыны Ерлан Аманқожаұлы арнайы жүлдеге ие болды.
Мүшәйраның басты мақсаты – ұлттық рухты асқақтату, еркін ойды дәріптеу, Несіпбек Айтұлының поэтикалық мұрасын насихаттау, жас буынды елдік рухта тәрбиелеу.
Байқау шарты бойынша әр ақын екі өлең жолдаған болатын: Несіпбек Айтұлына арналған арнау, еркін тақырыптағы жаңа шығарма.
Ерлан Аманқожаұлы осы талаптарға сай тың туындылар ұсынып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.