Май ауданының ветеринар дәрігерінің еңбегі құрметке ие болды

Май ауданының ветеринар дәрігерінің еңбегі құрметке ие болды
Фото: Есенжол Исабек

Ол отбасылық әулетті жалғастырып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Май ауданына қарасты Көктөбе ауылында ветеринария саласында еңбек етіп жүрген жас маман Снежана Ғайниахметова еңбекқорлығы мен кәсібіне деген адалдығы үшін «100 Еңбек жұлдызы» тізіміне еніп, марапатқа ие болды. 

Кейіпкеріміз өңір тумасы. Ол Семей қаласындағы «Инновациялық медициналық университетте» білім алып, кейін ветеринариялық медицина мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған. Бүгінде Көктөбе ауылдық округінің ветеринариялық пунктін басқарып, мал дәрігері ретінде халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Маманның айтуынша, ветеринария саласын таңдауға отбасының ықпалы зор болған. Ата-әжесі мен жақын туыстары осы салада еңбек еткендіктен, ауыл тіршілігі мен мал шаруашылығы оған ерте жастан таныс болған.

Қазіргі таңда ол эпизоотиялық жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік қызметтерді атқарып, тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Сонымен қатар ауыл тұрғындарымен кездесулерге қатысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

«Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында оны облыстық «Талапты zhas» жас жұмысшы мамандардың облыстық форумына қатысушы ретінде шақырды. Кейіпкеріміз көрсетілген құрметке ризашылығын білдірді.

– Мен үшін осындай іс-шараның қатысушысы болу үлкен мәртебе. Бұл менің еңбегімнің еленгенінің айғағы.  Алдағы уақытта да жастарды еңбекке баулитын, жұмысшы мамандықтардың маңызын көрсететін шаралар көп болғанын қалаймын, – деді ол.

Айта кетейік, биыл өңірде «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында түрлі сала өкілдерінің еңбегі насихатталып, кәсіби мамандарға қолдау көрсетілді. Жыл басынан «Еңбек батыры» байқауы ұйымдастырылса, тамыз айында республикалық «Жас жұмысшы мамандар» форумы қалада сәтті өтті. Сонымен қатар «100 еңбек жұлдызы» фестивалі де өткізіліп, өз ісіне адал, еңбегімен көзге түскен жастар бір алаңға жиналды.