Май ауданының тұрғыны заңсыз отын тасымалдаған
37 жастағы жүргізушіге айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Браконьер» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында полиция қызметкерлері Май ауданы ауылдарының бірінде отын тасымалдаған «Опель Аскона» маркалы автокөлікті тоқтатқан.
– Тексеру барысында жүргізушінің көлік құралдарын басқаруға құжаттары жоқ екені және автокөлікте орнатылған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері басқа автокөлікке тиесілі екені анықталды, – деді Май ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жандос Айтмұхамбетов.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК 2-бөлігінің 612-бабы бойынша, яғни басқаруға құқығы жоқ бола тұра, көлік құралын басқарғаны үшін әкімшілік жаза қолданып, 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ал жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралын басқарғаны үшін ҚР ӘҚБтК 590-бабы 4 бөлігі бойынша хаттама толтырылды, материал процестік шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 24 ақпанынан бастап облыс аумағында «Браконьер» профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Айта кету керек, полиция табиғатты қорғау заңнамасы бойынша 69 бұзушылықтың жолын кесті, оның ішінде 58-і – заңсыз аң аулау фактісі, 17-сі –балық аулау ережесін бұзу және екеуі – заңсыз орман кесу фактісі.
Браконьерлік пен биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтауға және жолын кесуге бағытталған іс-шара 2023 жылғы 13 наурызға дейін жалғасады.