Мемлекет басшысы халықаралық олимпиадада алтын ұтқан павлодарлық түлекті құттықтады
Президент жас дарын иелерінің алдағы уақытта да білімнің биік шыңын бағындыра берулеріне тілектестік білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Президенті баспасөз қызметінің мәліметінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Эр-Риядта өткен химиядан 56-шы Халықаралық олимпиаданың жүлдегерлеріне құттықтау жеделхатын жолдады.
– Еліміздің құрама командасы үшінші жыл қатарынан осынау беделді турнирде жоғары нәтижеге қол жеткізгені қуантады. Биыл сіздер екі алтын, бір күміс және бір қола медаль жеңіп алып, білім деңгейлеріңіздің өте жоғары екенін көрсеттіңіздер. Осы арқылы отандық білім беру саласының халықаралық ғылымдағы беделі зор әрі бәсекеге қабілетті екенін дәлелдедіңіздер. Бұл ретте ұстаздар мен ата-аналардың сіңірген еңбегі ерен. Сіздердің жеңістеріңіз еліміздің дамуына қызмет ететін кәсіби жетістіктерге ұласатынына сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.
Естеріңізге сала кетейік, Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған № 8 лицей-мектебінің 11 сынып оқушысы – Ринат Илюсизов аталмыш додада алтын медаль иеленді. Халықаралық ірі олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларға еліміздің жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грантпен оқуға түсуге мүмкіндік беріледі. Ақшалай сыйақы төленеді. Осылайша, Ринатқа алтын медаль үшін 1500 АЕК немесе 5 миллион 538 мың теңге төленуі тиіс.