Мейрам келе жатыр: павлодарлықтарға қандай өнімдер арзан бағамен ұсынылады

Мейрам келе жатыр: павлодарлықтарға қандай өнімдер арзан бағамен ұсынылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мерекелік ауылшаруашылық жәрмеңкелері 27-28 желтоқсан күндері өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс тұрғындары Жаңа жыл қарсаңында Аяз Ата мен Ақшақардың құттықтауымен мерекелік сауда жасай алады. Жәрмеңке өнімдерінің бағасы Павлодар қаласындағы базарлардан 15-20% арзан болады. Барлық өнімдердің көлемі 350 тоннаны құрайды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әділ Исиннің айтуынша, жаңа жылға дейін өңірдің үш қаласы мен он аудан орталығында ауылшаруашылық жәрмеңкелері өтеді.

– Павлодар облысының тоғыз ауданынан өнім өндірушілердің қатысуымен жәрмеңке «Жайлау» фермерлік базарының алаңында өтеді. Сонымен қатар, 28 желтоқсанда Павлодардың үш шағын ауданында: Достық, Усолка және Екінші Павлодарда жәрмеңке ұйымдастырылады. Ақсуда «Ауыл базары» мен ГРЭС шағын ауданында, ал Екібастұзда «Халық базары» жәрмеңкесі өтеді, – деді Әділ Исин.

Облыс орталығында қала тұрғындары үшін «Жайлау» базарына трамваймен тегін қатынау ұйымдастырылады.

Халық үшін өнімдердің кең сұрыпталымы ұсынылады: барлық түрдегі ет, картоп пен көкөністер, сүт, балық, жұмыртқа, бал, шұжық, ұн мен макарон өнімдері, сондай-ақ басқа да тауарлар.

Өңірдің кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Талғат Дұғаловтың айтуынша, мерекеге дейін сұранысты қанағаттандыру үшін қияр мен қызанақтарға ерекше назар аударылған.

– Жергілікті тауар өндірушілермен жасалған меморандум аясында көкөністерді жеңілдетілген бағамен сату акциясы басталды. Базарда қияр мен қызанақтың бағасы 1000-1500 теңге аралығында болса, жәрмеңкеде қияр 980 теңгеден, қызанақ 925 теңгеден сатылатын болады, – деп атап өтті Талғат Дұғалов.

Жәрмеңкеден бөлек, көкөністер үш қаладағы әлеуметтік дүкендерге жеткізіледі. Павлодарда 50 сауда нүктесі, Ақсуда – 10, Екібастұзда – 6 нүкте, соның ішінде «Гринвич» желісі жұмыс істейді. Жеткізілімдер күн сайын жүзеге асырылады: ертең 15 тонна, демалыс күндері шамамен 10 тонна көкөніс жеткізіледі.

– Екібастұз бен Ақсудағы екі жергілікті жылыжай қияр мен қызанақ жеткізу бойынша меморандумға қол қойды. Жалпы көлемі 140 тонна, оның 30 тоннасы мереке алдындағы күндері сатылатын болады, – деді Талғат Дұғалов.

Дүкендер мен олардың мекенжайлары туралы ақпарат облыстық кәсіпкерлік басқармасы мен ауыл шаруашылығы басқармасының ресми әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады.