Мыңдаған оқушы мен студент ғылым, идея мен болашақты біріктірді

Мыңдаған оқушы мен студент ғылым, идея мен болашақты біріктірді
фото: Торайғыров университетінің баспасөз қызметі

Торайғыров университетінде «ХХVI Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференция өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодар облысының оқушылары мен студенттері жас ғалымдармен қатар жобалары мен зерттеулерін таныстырды.

Іс-шара ауқымды бағыттарды қамтыды: жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдардан бастап, инженерия, энергетика және цифрлық технологияларға дейін. Жұмыс 37 секцияда жүргізіліп, қатысушылар жоғары дайындық деңгейін, шығармашылық ойлауын және жаңалыққа ұмтылысын көрсетті.

- Ерекше назар оқушылардың ғылыми жобаларының көрмесі аударылды. Мұнда ауа сапасын бақылау жүйелері, Arduino негізіндегі «ақылды» құрылғылар, қалдықтарды қайта өңдеу мен биожанармайға қатысты әзірлемелер, сондай-ақ экология, робототехника және тұрақты даму саласындағы инновациялық шешімдер ұсынылды, – дейді ұйымдастырушылар.

Оқушылар әлеуметтік тақырыптарды да көтерді.

 – Біз гендерлік теңдік пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың салдары туралы зерттеу жасадық. Жобаға дайындалу оңай болған жоқ, бірақ ол бізге үлкен тәжірибе берді. Бұл мен үшін тек оқу барысында емес, азаматтық ұстанымды қалыптастыруда да маңызды қадам болды, – дейді «Жас Дарын» лицейінің 10-сынып оқушысы Әлібек Әли.

Жалпы жариялауға 1300-ге жуық ғылыми мақала қабылданды, оның ішінде 313-і – оқушылардың жұмыстары. Қатысушылар географиясы Қазақстан аумағынан шығып, ТМД елдері мен республиканың ірі қалаларын қамтыды. Секциялар қорытындысы бойынша жеңімпаздар дипломдар мен естелік сыйлықтарға ие болды, ал ғылыми жетекшілер алғыс хаттармен марапатталды.

Ғылым онкүндігі аясында Торайғыров университетінде қазақ ғылымының негізін қалаушы, көрнекті жерлесіміз Қаныш Сәтбаевтың ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті. Кәсіби мереке қарсаңында университеттің бір топ ғалымы мен қызметкері марапаттарға ие болды.

Іс-шара ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау хатын оқудан басталды. Министр отандық ғылымға елеулі үлес қосып жүргендерге алғысын білдіріп, зерттеушілерге жаңа шығармашылық табыстар тіледі.

Профессорлық-оқытушылық құрамның  38 ғылыми қызметкері марапатталды. Оларға «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» және «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгілері, сондай-ақ министрлік, облыс әкімдігі мен мәслихаты, сонымен қатар, университет басшылығының құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді.

Конференция қарсаңында Торайғыров университетінде «Science&Business Connect» атты диалог алаңы ұйымдастырылды. Ол ғалымдарды, мемлекеттік органдар мен өңірдің жетекші кәсіпорындарын біріктіріп, ғылыми жобаларды тәжірибеге енгізу, оларды аймақтық міндеттерге бейімдеу және бизнес пен ғылым арасындағы диалогты дамытуға бағытталды.